Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда тергеу изоляторында отырған 181 күдікті дауыс берді

Тергеу изоляторында отырған күдіктілер де өз таңдауын жасауға құқылы. Павлодарда 63 тергеу мекемесінде 181 сайлаушы бар. Оның барлығы таңғы 10-ға дейін өз дауыстарын беріп үлгерді. Қазір сайлау комиссиясы дауыстарды санауға кірісті. Әріптесім Өзгеріс Қуанар толығырақ айтады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодардағы тергеу изоляторында 181 күдікті бар. Олар да сайлау науқанынан тыс қалған жоқ. Осында орналасқан 120 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Жабық мекемеде болғандықтан, мұндағы тәртіп қатал. Сайлаушыларды арнайы күзетпен әкелді. Ал сайлау учаскесіне бір-бірден ғана кіруге рұқсат.

Жәнібек, САЙЛАУШЫ:

Мен бостандықта болмағаныма қарамастан, сайлау құқығымды пайдаланып, дауыс беруге келіп отырмын. Себебі әр дауыстың маңыздылығы өте зор деп ойлаймын. Бұл сайлау учаскесінің басқа жердегі сайлау учаскесінен еш айырмашылығы жоқ. Мен өз дауысымды біздің елдің болашағы үшін бердім.

Тергеу изоляторында отырғандардың басым көпшілігі – жастар. Олар түрлі қылмыс бойынша күдікке ілінген. Арасында 22 әйел адам бар.

Арқалық КАРИБОЛДАНОВ, 63 ТЕРГЕУ МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жабық учаске болғандықтан, таңғы 7-ден бастап қабылдай бастадық сайлайтындарды. Осы уақытқа дейін уже бітірдік бәрін. Біздің комиссия мүшелері сол бюллетенді санауға кірісті.

Павлодар облысында дауыс беруге құқылы 512 мыңнан астам сайлаушы бар. Өңірде ауа райы күрт бұзылды. Қар жауып, көктайғақ болуда. Десе де, оған қарамастан, сайлаушылар дауыс беруге белсенді түрде келіп жатыр.