Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлытаулық сайлаушылардың 40 проценті Жезқазған қаласында

Ұлытауда сайлаушылардың 40 проценті облыс орталығы Жезқазған қаласында дауыс береді. Елімізде халқы ең аз саналатын жаңа өңірде тұрғындардың басым бөлігі – металлургтер. Мысты өңірде саяси науқан қалай өтіп жатыр, әріптесім Айжан Қуаш тарқатады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Бүгін Жезқазған қаласында 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Ал облыс бойынша олардың саны – 134. Жалпы 140 мыңнан астам адам дауыс беруі тиіс. Осы сағатқа дейін халық саяси науқанға белсене қатысып жатыр.

Достық үйінде сайлау ерекше ұйымдастырылған. Жергілікті әртістер би билеп, ән салып сайлаушылардың көңіл-күйін көтеруде. Ұлытаулықтар аймақтың болашағынан үлкен үміт күтетіндерін айтады. Жезқазғанда жаңа тұрғын үй салу, мыс, алтын өндірісін дамыту, жол жөндеу сондай-ақ Жошы, Алаша хан ордалары орналасқан Ұлытау ауданында туризмді дамыту жоспарда бар.

Динара ХАБАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ұлытау облысы енді ғана құрылып жаңадан бой көтеріп жатқан облыс. Келешегіміз өте көп. Үміт күтеміз. Әрбір кандидаттың сайлау алды бағдарламасымен танысып солардың еліміз үшін еңбек атқаратынына сенім білдіріп келіп отырмын.

Айта кетейік, Ұлытау – елімізде ең халқы аз аймақ. Мұнда небәрі 227 мың адам тұрады. Ал кандидаттар саны – 255, мамандардың айтуынша бұл өңірде саяси белсенділіктің жоғары екенін білдіреді.

Берлібек МОЛДАБЕК, №233 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Кандидаттар көп, оның ішінде дәрігерлер де бар, мұғалімдер де бар, металлургтер де бар. Бәріне осындай мүмкіндік беріп отыр.

Алтынай ИБРАГИМОВА, БАЙҚАУШЫ:

Сайлау таңғы 7-де басталды.Келушілер саны әжептәуір жаңа өтіп кетті. Ешқандай заң бұзушылық деген болып жатырған жоқ.

Облыста 500 сайлаушының мүмкіндігі шектеулі. Зағип жандарға арнайы трафареттер дайындалды. Ал үйлерінен дауыс беретін тұрғындарға сайлау комиссиясының мүшелері арнайы жәшік апарды.