Русский Сайттың толық нұсқасы

Тәжікстанда түннен бері төртінші рет жер сілкінді

  • AstanaTV
  • 23 наурыз 2023
  • 928

Тәжікстан аумағында тағы жер сілкінді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» ЖШС-ның сейсмостанциялары бүгін сағат 08.53-те тағы бір жер сілкінісін тіркеді. Эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 723 км қашықтықта Тәжікстан аумағында орналасты. Энергетикалық санаты – 11,5. MPV магнитудасы – 5,1. Тереңдігі – 15 км. МSК-64 бағаны бойынша сезілу туралы ақпарат жоқ.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін түнде Тараз, Шымкент және Түркістан тұрғындары 2-3 балл қуатымен жерасты дүмпуін сезінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 740 км қашықтықта Тәжікстан аумағында орналасты. Сондай-ақ тербеліс Өзбекстанның бірқатар қаласына жетті.

Таңғы сағат 06.27-де Қазақстан сейсмологтары Тәжікстандағы тағы бір жер сілкінісін тіркеді.

Сағат 07.30-да да Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында жерасты қозғалысы сезілді.

Еске салайық, Қазақстанның 5 өңір тұрғындары жерасты дүмпуін 21 наурыз күні де сезінген болатын. Зілзала ошағы Ауғанстанда орналасты. Ауған еліндегі тербеліс Пәкістанға да жетті. Салдарынан кем дегенде 11 адам қаза болғаны туралы бұған дейін жазған едік.

22 наурызда әлеуметтік желіде Қазақстанда жер сілкінісі қайталанатындығы туралы ақпарат тарады. Алайда, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бұл ақпараттың жалған екендігін мәлімдеді.