Русский Сайттың толық нұсқасы

Матаевтың ісі бойынша сот процесі жалғасуда

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2016
  • 2296

Бүгін  Сейітқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевтардың ісі бойынша сот отырысы өтті. Процесс басталысымен, Матаевтардың қос қорғаушысы екі бірдей өтініш берген. Алғашқысы маман Марғұлан Дүзелдіковті істен аластату болса, екіншісі №2 Есіл аудандық сотының төрағасы Ақболат Құрмантаевтың осы істі жүргізуіне қарсылық  білдірді. Бірақ өтініш  қанағаттандырылмады.

Мадина Бакиева, қорғаушы:

Сот залында жауап берген маманның жоғары білімі жоқ екені анықталды. Тек орташа. Және операциялық жүйелермен жұмыс істеуге рұқсат ететін сертификаттар. Қорғаушы тарап бұл азаматтың қойылған талаптарға білімі мен тәжірибесі сай келмейді деп есептейді.  

Матаевтарға «бюджет қаржысын жымқырды», «аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды» деген айып тағылған. Тергеу мәліметіне сай, 2011 жылы ұлттық компаниялардың бірін жарнамалау үшін,  қыруар қаражат алып, бағаны асыра сілтеп көрсеткен. Сөйтіп, 143 млн теңге жымқырған. Ал 2010-2015 жылдары "Қазтаг" агенттігі арқылы мемлекеттік тапсырыстар алып, оларды тиісті деңгейде орындамаған.

Еске салайық, жыл басында Сейтқазы Матаев пен оның ұлы Әсет Матаевқа алаяқтық жолмен аса ірі көлемде қаражат жымқырды және салықтан жалтарды деген айыптар тағылған. Ақпанда Алматыдағы Медеу аудандық сотының шешімімен Сейітқазы Матаев, наурызда Әсет Матаев үй қамаққа алынды.   

Айбек ҚОСАН