Ақтөбе және Батыс Қазақстан облысында қар суынан зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. «AMANAT» партиясының өкілдері аймақ халқымен кездесті. Қобда ауданында 24 үйдің құрылысы басталды. Ол бірнеше айда салынып бітіп, баспанасыз қалғандарға табыс етіледі. Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбеков тарқатады.
Мал ашуы – жан ашуы. Қапыда қызыл судың құрбаны бола жаздаған Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданының тұрғындары бір ажалдан аман қалғанын айтады. Не істерін білмей дағдарған Қанат Кәкімовтің баспанасын сең соғып, тып-типыл қылған. Қазір олар туыстарының үйін паналауға мәжбүр. Бүгінде өңірде сексен үй су астында қалған.
Қанат КӘКІМОВ, БҚО СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімдіктен көлік сұрап, ол кісілер көліктен көмектесіп, ары қарай ағамыздың үйіне шығарып қайтып келгенше 15 минуттың ішінде сең кіріп кетті ғой. Өте қиын жағдай болды. Жан-жақтың бәрін көріп тұрсыздар. Сең соғып бәрін қиратты. Осы жерден 7-8 үй суға кетті. Астарынан полдан су кірді, қора, сарайларға су кетті. Үйдің іші мүлдем... Жинаған дүние-мүліктің бәрі суға кетті.
Қиын жағдайда қалған халыққа «AMANAT» партиясы қол ұшын созды. Апат аймағындағы ағайынмен кездескен партиялықтар зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді. Бұл игі іске партияның басқа облыстағы филиалдары қол ұшын созбақ. Қазір шығын есептеліп, оны заң бойынша рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ербол САЛЫҚОВ, БҚО ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ:
Қазіргі біздің мақсатымыз – тездетіп осы адамдардың тұрмысын қалпына келтіру. Шығынның көлемін анықтау керек. Шығынның барлығын осы комиссиялар актілерін жасап, барлығының есебін шығарғаннан, әрине, біз осы жергілікті ұйымдармен бірлесіп, қалай болғанда да көмек көрсетуді ойластырып жатырмыз.
Қобдалық Борис Гыдей су басқан баспанасын қимай күніне бір қарап кетеді. Сол күні судың тез келгені сонша, тек құжаттарын алып үйден шығып үлгерген. Қазір саман кірпіштен салынған үй құлағалы тұр. Ол отбасымен туысқандарының үйін паналауда.
Борис ГЫДЕЙ, ТҰРҒЫН:
Бұл үй енді біз тұруға келмейді. Барлығы суға кетті. ЖиҺаз да, басқа да. Үйді қайта салуға тура келеді.Мамандар үйге тіпті кіруге болмайды деді.
Ауданда су тасқыны салдарынан жеті үй қираған. Тағы төрт үй апатты жағдайда . Су сексен үйге кірген, он үш үй әлі де болса суда тұр. Бұл тұрғындарға тиісті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ ауданда жаңа бөгет салынады. Облыс басшылығы әрбір зардап шеккен отбасыға бес жүз мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткен. Аудан орталығында 24 жаңа үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлер жазға дейін өз иелеріне тапсырылады.
Ерлан САИРОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазіргі таңда соммасы 70 млн теңге бұл осы «AMANAT» партиясының өзінің жеке көмегі және бүкіл қазақстандағы Аманат партиясының филиалдары Ақтөбеге осы мәселе бойынша қазірдің өзінде хабарласып жатыр. мәселе оң шешілетін болады.
ТЖД мәліметінше, бұған дейін эвакуацияланған 12 адам уақытша эвакуациялау пунктеріне орналастырылды, 79 адам туыстарының үйлерін паналауда. 365 адам өз үйлеріне оралды. Жағдай тұрақты бақылауда.