Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясында қоғамдық қабылдау өтті

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2016
  • 2861

«Ақша берсең, жәрмеңкеге кіресің» деген шенеуніктің әрекетіне шағымданған көп балалы ана бүгін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келді. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловқа болған жәйтті баяндап берді. «Нұр Отан» партиясының жұмыс кестесіне сай фракция депутаттары халықпен тұрақты түрде жүздесулер өткізіп келеді.

Бұл жолы да тұрғындар түрлі мәселелерімен келген. Солардың бірі - жалғызбасты ана Күлиза Асқарқызы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде құлпынай мен бүлдірген сатып нәпақа таппақ болған. Облыс әкімдігінен алған рұқсатым да бар,- дейді ол. Бірақ өзін әкімнің орынбасары ретінде таныстырған әлдебір азамат «сауда жасағың келсе, ақша бер немесе тауарыңды бізге арзандау бағамен беріп кете бер» депті. Бұған көнбеген шарасыз ана сауда жасай алмай, шаш етектен шығынға батып, үйіне қайтқанын айтады.

Күлиза Мошқалова, көп балалы ана:

«Ақша бергендер ғана кіреді жәрмеңкеге, ақша бермегендер кірмейді немесе 100 теңгеден маған бересіңдер», - деді соның қол астындағылар. Біз бизнес жасайық деп жатқанымыз жоқ, балаларды оқытып шығару керек мектептен. Сол үшін жүрміз жәрмеңкеде, облыс әкімі рұқсат берген. Кеше 150 мыңдай минусқа кірдік, тауар босқа ағып кетті.

Мәселені мұқият тыңдаған депутат Аманжан Мәкәрімұлы бұл алаяқтардың ісі болуы мүмкін екенін ескертіп,  міндетті түрде қаперге алатынын айтты. Партияның қоғамдық қабылдауына баспана кезегі мен жер телімі, несие мәселесі бойынша сұрақтарымен келген азаматтардың қарасы қалың. Аманжан Жамалов бұл мәселелер назарға алынатынын жеткізді.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Шешетін мәселелерді шешіп, сотқа жолданатын мәселелерді біз осы жерде тіркеуге алып, әрі қарай осымен талаптанып, осымен шешуге тырысамыз. 

Д. БАҚДАУЛЕТ