Русский Сайттың толық нұсқасы

Аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өтті

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2016
  • 6154

Аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» республикалық турнирі өтті. Аталған спорттық шара «Нұр Отан» партиясының бастамасымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Биылғы тартыста үздіктердің сапында кім топ жарды? Айбек Қосан біліп қайтты.

Қазақ "Ер қанаты - ат" деп бекер айтпаған. Міне, Сарыарқаның төрінде, ер Қабанбай ауылында, ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтуде. Игі дәстүрге айналған шараның биылғы дайындығы да жоғары.

Қалың көпшілікті мерекемен құттықтай келген қонақтар қатарында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмаш, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов болды.

Қаныбек Жұмаш, «Нұр Отан» партиясының хатшысы:

«Нұр Отан» партиясы, өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіздіктің 25 жыл бойы, Елбасы партиясы болғандықтан, қазақтың салт-дәстүрі,  әдет-ғұрпы, ұлттық спорт түрлеріне ерекше мән беріп келеді.

Алтай мен Атыраудың арасында ат баптап, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген әлеумет, арқада аламан болады дегенді естіп, тегіс жиылды. Еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларынан ұзын саны 70-ке жуық қатысушы тіркелген.

Орынтай Әмірғалиев, Алматы  облыстық ұлттық ат спорты клубының директоры:

Бұл спорт болғандықтан, тақ айту қиындау. Бірақ осы 3 облыс арасында сайыс болады деп отырмыз. 

Лезде бұлттанып, түнерген күн райы көрерменнің көңілін түсіре алмады. Бұрындары жарысты жүгіре жүріп көретін халық, бұл жолы арнайы лэд экрандардан тікелей көрсетілімді тамашалап, қолдау көрсетіп отырды.

Қуат Айтқали, қала тұрғыны:

25 жылдық қарсаңында ұлттық спорттың дамуына өзіндік үлесі, мемлекеттік тараптан қолдап жатқан дүние деп білейік.

51 шақырым. Әуелде ойқастап алға кеткендердің өнері ұзаққа бармады. 2-ші айналымда 67 аттың тек 47-сі төбе көрсетті. Аламанның айла тәсілін жақсы білетін бала шабандоздар бәйгесін болдыртып алмай, тек соңғы сәтте мәре көрінгенде ғана тізгінді жіберіп, қамшыны баса түсті.

Асхат Әлімжан, «Алтын тұлпар-2016» аламан бәйгесінің жеңімпазы:

Бірінші рет ұтып тұрмын осы «Алтын тұлпарды». Бұған дейін мұндай бәйге ұтып көрмедім. Ұзақ дайындалдық. Көктемнен бері. 

Алтын тұлпарды 2014 жылы Қарағанды облысы алса, 2015 жылы Жамбыл облысының тақымында кеткен еді. Міне, биыл алтын жабу Алматы облысына бұйырды. Жаннұр есімді бәйгені тартып мінген 13 жасар  Асхат 10 млн теңгені жеңіп алды.

Айбек Қосан, тілші:

Бірлігі мен татулығы жарасқан елімізде ұлттық болмысымызды көрсететін сайыстардың ұйымдастырылуы тәуелсіздіктің арқасы.

Айбек ҚОСАН