Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан бидайы Қытай, Өзбекстан мен Парсы шығанағы мемлекеттеріне экспортталады

  • AstanaTV
  • 14 қыркүйек 2016
  • 3209

Елімізде астықтың 65 пайызы орылып үлгерді, бүгінге дейін 14 млн тоннадай өнім алынған. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған іссапары кезінде мәлімдеді. Биыл егіс алқаптарынан 20 млн тоннадан астам астық алынады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы аймақ диқандары 1 гектардан 16 центнерден өнім алса, биыл 23-25 центнерден үмітті. Күн райы қолайлы болса, облыста егін ору науқаны 22 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Анау күні Қытайға барған сапарда Қытайға астық шығару мәселесін ақылдастық. Каспий арқылы, темір жол арқылы Ираннан Парсы шығанағына шығуға келістік. Ташкентке барғанда көңіл айтып бардым бір жағынан, екінші жағынан астықты шығару жағын келістік. Сондықтан астық болса, астықты сатса, жақсылап өзімізді өзіміз қамтамасыз етсек, әл-ауқатымыз жақсы болады.

Мемлекет басшысы жаңадан жасақталған үкімет құрамына қатысты пікірін айтты. Оның сөзінше, іс басына жастардың көптеп келуі жақсы үрдіс. Елбасы Бақытжан Сағынтаев бастаған топ-менеджерлердің елді тығырықтан алып шығарына сенім білдіретінін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

2017-18-20-шы жылдан бастап ел экономикасы жақсарып, жағдай түзеледі. Біріншіден, нарықтағы баға бүгінгідей төмен болмайды. Екінші жағынан, индустрияландыру бойынша бірқатар жаңа нысандарды іске қостық. Агрокешен де бой көтеріп келеді. Сондықтан осы тұста үкіметті жаңадан жасақтадық. Адамдар білікті. Жаһандық экономикада тіл табыса білу керек.

Нұрсұлтан Назарбаев  биыл іске қосылуы тиіс ірі кәсіпорындарға да тоқталды.  Қашаған кен орны жоспарға сай қазан айында іске қосылмақ. Сондай-ақ  Ақмола облысы аумағында Қытаймен бірлескен Масал тау кен байыту комбинаты да ашылуы тиіс. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ