Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәмпитке қақалып қалды

  • AstanaTV
  • 27 наурыз 2023
  • 1297

Алматыда кішкентай қыз кәмпитке қақалып қалды. Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйел адамның айғайлаған дауысы естілген. Сол маңнан өтіп бара жатқан учаскелік инспектор байқап қалып, дереу көмек көрсеткен.

"Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйел адамның айғайлаған дауысын естідім. Тоқтадым, жүгіріп бардым, әйелдің баласын құтқармақ болып жатқанын көрдім. Ол кішкентай қыздың кәмпитке қақалып қалғанын айтты. Мен өте жылдам әрекет еттім, автоматты түрде: баланың басын төмен қаратып көтердім, арқасынан бірнеше рет ұрдым, кәмпит аузынан ұшып кетті. Барлығы өте тез болды. Мен қыздың атын да сұрамадым, өзімді де таныстырмаппын. Баланың аман қалғанына бәріміз қуандық. Бұл менің полиция қызметкері ретіндегі борышым", – дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бақдәулет Мамыр.

Оқиға мереке күндері болған. Полиция инспекторы қаланың қоғамдық орындарында тәртіпті қамтамасыз етіп, кешкісін үйіне қайтып бара жатқан. Полицей сәбидің өмірін аман алып қалғанына шүкіршілік ететінін жасырмады.