Русский Сайттың толық нұсқасы

17 рет заң бұзған қала әкімінің орынбасары орын тағып сақтап қалды

Павлодарда қала әкімінің орынбасары Арслан Қалиақпаровтың басы дауға қалды. Ол тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін басқарып тұрған кезде мемлекеттік сатып алу заңын 17 рет бұзған. Шенді бұл әрекетін бюджет қаражатын игеру үшін барғанын айтқан. Алайда, сот оның бұл ісін заңсыз деп таныды. Өйткені, шенеунік мемлекеттік сатып алулар кезінде конкурстық рәсімсіз тендер ойнатқан. Тендерде тек бір ғана мердігер жеңіске жетіпті. Сот оған 4,1 млн теңге айыппұл салды.

Назымбек БЕКЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің департамент 2022 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік сатып алулар порталына мониторинг жүргізу барысында қалалық ТҮКШ бөлімінің бір ғана мердігермен тікелей 17 келісім шарт жасағаны анықтады. Жалпы соммасы - 1,9 млрд теңге. Нәтижесінде аталған факті бойынша шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға хат жолданды.

Арслан Қалиақпаров жақында қала әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Сол себепті оған тәртіптік жаза қолданылмайды.

Ерлан САЛЫҚБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған тұлғаға қатысты қандай бір тәртіптік іс қозғауға негіз жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Екіншіден, ол басқа қызметке ауысып кетті. Сол себепті оны тәртіптік кеңеске сала алмаймыз.