Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында балабақша қызметкерлері 2 айдан бері жалақы ала алмай отыр

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында балабақша қызметкерлері 2 айдан бері жалақы ала алмай отыр. Салдарынан несиеміздің пайызы өсіп, қарызға шаш етектен баттық дейді. Айтуларынша, аудандық білім бөліміндегілерден мардымды жауап ала алмай отыр.

Бірнеше айдан бері көктиынсыз жұмыс істеп жүрген балабақша қызметкерлері әбден қажыдық дейді. Айтуларынша, бір қарызды екінші қарызбен жауып, өлместің күнін көріп отыр. Оған қоса, пәтерақы бүйірден қысып, далада қаламыз ба деп алаңдайды.

Замира ТЕКНАЗАР, БАЛАБАҚША ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Үшінші ай кетіп бара жатыр. Ешқандай айлығымыз жоқ. Тамақ басқасы былай тұрсын, біз пәтер жалдап тұрамыз, мысалы. Ол 1 ай мақұл түсінеді, 2 ай түсінеді. Үшінші ай төленбесе ертең бізді шығарып жібереді мысалы. Бір қайда барамыз, қайда жатамыз ол да бізге мәселе болып тұр.

Жиналғандардың айтуынша, балабақшаларды қаржыландыру білім бөліміне ауысқалы жалақының берекесі қашқан. Соңғы бірнеше айда айлығымызды толық, уақытылы алу арманға айналды дейді.

Жайна САЙФУЛЛАЕВА, БАЛАБАҚША ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бізде қазына деген бағдарлама пайда болғалы бері балаларды толығымен, күнделікті табель толтырып жібереміз. Толтырылмаған кезде 1 күнімізді жоқ қылып жібереді. Соңғы жағына келгенде қазынамыздан күнімізді қысқартып тастайды, аймызды қысқартып тастайды, айлық қысқарады.

Ал мәселенің қашан шешілетінін аудандық білім бөліміндегілер де нақты білмейді. Айтуларынша, құзырлы орындар бұған қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Ербол ӘЛМЕНОВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Программа ауысуына байланысты кеше, бүгін ақша отырып отыр. Бірақ қазір жіберейін десек, басшы болмай тұр. Ертең 1-2 күнде түсіп қалуы керек. Міндетін атқарушы келеді, шот ашық, кілтін ашқаннан кейін жібереміз Сіздерге.

Жаңақорған ауданында 100 ден аса балабақша бар. Оның 26-сы -жекеменшік.