Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің іргесіндегі елдімекенде жүретін жол, ішетін су жоқ

Ақтөбеде «Жаңақоныс 4» елдімекенінің тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, ауылға кіретін жол жоқ, ішетін су жоқ. Балалар балшыққа батып көрші ауылдағы мектепке қатынап оқиды. Шыдамы таусылған тұрғындар мәселелерін алға тартып, қалалық әкімдікке барды.Тілшіміз Бақыт Рахметова баяндайды.

Ақтөбенің іргесіндегі бұл «Жаңақоныс 4» елдімекенінде жер телімі 2018 жылы беріле бастады. Қазір екі мыңнан астам учаске бар. Елу үй қыстап шыққан. Қыста боранмен арпалысқан халық, енді көктемде жолдың жоқтығынан тобықтан балшық кешіп жүр.

Асқарбек СҮЛЕЙМЕНОВ, ТҰРҒЫН:

Қатынас қиын. Балаларын арқалап жолға шығады. Жолдан әрі қарай ағайын, туысы барма, жолшыбай автобус барма мініп келеді сол. Қазіргі мәселе жол. Балшық болып түсіп жатыр. Жаяу адам жүру қиын.

Әнуар АЛДИЯРОВ, ТҰРҒЫН:

Жолды жасап берсін. Бізге идеальный жасасын демейміз. Ең болмаса шебень төсеп, машина кіріп, шығытындай болса екен. Орталық екі көшеге жасаса оның өзі бізге жақсы болар еді.

Ауылда ауыз су мәселесі де шешілмеген. Тұрғындар көрші ауылдардан тасып, ішеді.

Кенжебек ЖӘНІБЕКОВ, ТҰРҒЫН:

Ақбұлақтың суы жоқ. Скважин қазған ол су ащы. Жуынуға болмаса ішуге келмейді. Ішетін суды Маржан бұлақтан әкеліп отыр.

Бүгін халық жанайқайын жеткізбек болып жиналып, қала әкімдігіне барды. Шенділер жиналған жұртты тағы да басу айтып, шығарып салды.

Жомарт БАҚЫТКЕЛДІ, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

«Жаңақоныс-4» осы 54 елді мекеннің ішіне кіреді. Онда тегістеу жұмыстары жүргізіліп, барлық көшелеріне тегістеу жұмыстары жүргізіледі.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Ал ауылдың ауызсу мәселесіне қатысты қазір жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр екен. Мамыр айында сараптама жасалуы тиіс. Тек содан кейін ғана қазынадан қаражат қарастырылатын болады.