Мәжілістің сегізінші шақырылым депутаттары ант қабылдады. Барлығы халыққа адал қызмет етіп, мәртебелі міндетіне дақ түсірмеуге сөз берді. Ал Мәжіліс спикері болып Ерлан Қошанов қайта сайланды. Толығырақ Аружан Задабектің материалы.
Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Мәжілістің сегізінші сайланым депутаттары күні кеге төсбелгі мен куәлік алды. Бүгін алғашқы жалпы отырыс өтті. 98 депутат халыққа адал қызмет етуге ант берді.
Мәжілісте «Amanat-тан» 40, «Ауылдан» - 8, «Ақжол» мен «Республиканың» әрқайсысынан 6, Қазақстан халық партиясынан 5 және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан 4 өкіл бар. Бір мандаттық округ бойынша сайланғандар саны – 29.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін.
Ант беру рәсімінен соң Мәжіліс төрағасын сайлау жайы талқыланды. Депутаттар Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды. Оның іскерлігін айрықша атаған фракция мүшелері спикерлікке сай екенін айтты. Жаңа төраға жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Депутаттарға 98 бюллетень берілді. Барлығы бірауыздан Ерлан Қошановты жақтады.
Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, халқымыздың алдында, сіздердің алдарыңыздағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан, өздеріңізбен бірге біздің сайлаушыларымыздың аманатын, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімді, тәжірибемді саламын деп уәдемді беремін.
Жұмысқа кіріскен спикер өз орынбасарларын сайлап алды. Оған Альберт Рау мен Дания Еспаева таңдалды. Мәжіліс комитеттерінің саны мен атаулары өзгеріссіз қалды. Ал депутат мандатын алған жаңа тұлғалар халық игілігі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз деп уәде берді. Араларында экс-министр Асхат Аймағамбетов те бар.
Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлері бар. Олардың да мәртебелерін көтеру керек. Біздің мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе, кітапханашылар бар. Оларға да көмектесу керек. Көп мәселе бар. Проблемалық мәселе аз емес. Онымен біз айналысамыз.
Ал инстаграм желісінде 2,5 миллионға жуық оқырманы бар Дәулет Мұқаев әрі қарай да халықтың баспаналы болуына көмектесемін дейді. Алдағы күндері депутаттық пен блогерлікті бірге алып жүруге ниетті.
Дәулет МҰҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Спикерлік лекцияға, одан қалды өзімнің кітаптарыма қатысты, шығармашылық жұмысқа шектеу қойылмаған. Ал енді мынау тікелей жарнама оның бәрін мен тоқтаттым.
Айтыс арқылы елге танылған Ринат Зайытов өзін депутат болуға әбден лайық деп санайды. Мен көтеретін мәселе көп дейді. Шындықты шымбайға батырып, әділдік үшін күресуге құлшынып отыр.
Ринат ЗАЙЫТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Ұлттық және мемлекеттің мүддесіне зиян келтіретін болса, ондай мәселені көтеріп отырған адамды, мемлекеттік органды сынауға біз толық құқылымыз. Ең бірінші тіл мәселесін шешкім келеді мен.
Мәжіліске өткен барлық депутат халыққа берген уәдемізді ұмытпаймыз дейді. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын іздейтіндерін жеткізді. Елдің өзі сайлағаннан кейін жауапкершілікті сезініп, үмітті ақтау басты міндет екенін айтты.