Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл БҚО-дағы киік саны екі миллионнан асады

Биыл Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендердің саны 2 миллионнан асады. Бұл өңір шаруаларының алаңдаушылығын туғызып отыр. Өйткені киіктер жайылымдық жерді отап, орасан зор шығын келтіреді, дейді ауылдықтар. Ақбөкендер облыстың алты ауданын мекендейді. Ал өңірдегі қойдың тең жартысы осы аумаққа тиісілі. Шабындығын киік таптағаны аздай, малға ауру тарайды деп жанұшырған шаруалардың шағымына құлақ асу керек дейді мамандар. Олар киіктен зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төлеу туралы ұсыныспен келіспейді.

Табылғали САПАРОВ, ҒАЛЫМ:

30-40 жыл бұрын олардың мекендеген жайылысы, тарихи мекендеген жері ол Қамыс-Самардың жері еді. Біздің қазір ең бірінші қойып тұрған мақсатымыз – сол суды қайта сол жерлерге жеткізу. Сол жерге су шығарса, ертең киік бұрынғы өзінің тарихи мекендеген жеріне барады. Сол жерге барса, қазіргі мына шу басылар еді.

Жергілікті ғалымдар киік санын 500 мыңнан асырмау керек дейді. Бұл үшін олар ғылыми есептерге негізделген арнайы тұжырымдама дайындаған. Бірақ киіктердің саны қалай реттелері әлі белгісіз. Тараптар бұған қатысты бір тоқтамға келе алмады.

Андрей КИМ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінде тараптар арасындағы мәселені реттеу үшін жол картасы қабылданды әрі жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы Халықаралық конвенциядан аттап өте алмаймыз. Сондықтан мамырдағы киік санағының аяқталғанын күтейік. Нақты шешімді содан кейін қабылдаймыз. Әзірге жыл соңына дейін мораторий өз күшінде.