Русский Сайттың толық нұсқасы

Банк қызметін пайдаланушылардың құқығын қорғайтын ереже дайындалды

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2016
  • 2584

Ұлттық банк тұтынушылар құқығын қорғайтын ереже жасады. Құжат Алматыда қоғамдық ұйым өкілдері мен журналистерге таныстырылды. Ереже халықтың қаржылық сауатын жақсарту мен ақпараттық насихат жұмыстарына бағытталған. Қарапайым азаматтардың қаржылық сауатсыздығы банктер үшін табыс көзіне айналып келгені жасырын емес. Әлі де миллиондаған адам қаржылық қыспақтан шыға алмай отыр, - дейді Ұлттық банк өкілдері.

Парламент қарауына берілген «Коллекторлық қызмет туралы» жаңа заң жобасы борышкерлердің жүгін жеңілдетуге мүмкіндік береді деген үміт бар. Ал тұтынушылар құқығын қорғау ережесі екінші деңгейлі банктерге таратылып, оның қолданыста болуы бақылауға алынбақ. Ұлттық банктің дерегінше, Қазақстанда 5 миллиондай адамның тұтынушылық несиесін өтей алмағанына 90 күннен асқан. Еліміз бойынша берілген несиенің жалпы мөлшері 12 триллион теңге.

Александр Терентьев, ҚР Ұлттық банкі қаржы қызметі мен тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

Несие алушылардың ең үлкен қателігі - қол қойып отырған келісімшартты оқымайды. Ал қаржы институттары мұны оңтайлы пайдаланады. Қазір шағын кредиттік ұйымдар несиені онлайн жүйесімен беріп жатыр. Оның астарына үңілсең, бір ай кешіктіргенің үшін 5 мың теңге ғана төлеуге болатынын олар көрсетпейді. Бұл жасырын ақпарат ретінде қалады. Сондықтан бірінші кезекте халықтың қаржылық сауаттылығына көңіл бөлу керек. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ