Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы мың жарымға жуық қоғамдық қабылдау өткізген

  • AstanaTV
  • 15 қыркүйек 2016
  • 3312

"Пәтерін жөндетемін" деп алаяқтың арбауына түскен ақтөбелік жалғызбасты ананың арызын облыстық ішкі істер департаменті басшысы қабылдады. «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған қоғамдық қабылдауға келген Мәдина Болатова мән-жайды баяндады. Бұған дейін "құрылысшы мен пәтер иесі арасында ауызша ғана келісім болғандықтан, полицейлер арызын қабылдаудан бас тартқан" көрінеді. Айтуынша, баласын емдету үшін Астанаға кеткенде, баспанасын жөндеуге қалдырған құрылысшы жұмысын аяқтамай, ізін суытады. Ақшасын алып, бірақ жұмысын дұрыс атқармаған алаяққа құзырлы орган шара қолданса, - дейді шарасыз ана. Соңғы үміті «Нұр Отан»  партиясының қоғамдық қабылдауы болғанын да жасырмайды. Енді мәселе оң шешімін табар деген үмітте.

Мәдина Болатова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Екі бала тәрбиелеп отырмын. Оның біреуі мүгедек болғандықтан, жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Бұған дейін полицейлер арызымды қабылдамаған еді. Бүгін ішкі істер департаменті басшысы істі қарауға уәде берді.

Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлімі мың жарымға жуық кездесу өткізді. Оның ішінде 10 қабылдауды құқық қорғау органы өкілдері жүргізген. Полицейлерге арызданып келген 17 азаматтың 7-уінің мәселесі бірден шешімін тапты. Қалғандарына қағаз жүзінде жауап қайтарылған. Бүгінгі кездесуге келген 8 азаматтың да сұрақтарына тиісті жауап беріледі, - деді департамент басшысы.

Махамбет Абисатов, Ақтөбе облыстық ІІД бастығы:

Қоғамдық қабылдаудың қай-қайсысы болса да, азаматтар үшін өте тиімді. Олар мәселесін шешудің құқықтық жолдарын айқындап алады. Немесе көкейдегі сауалдарына жауап таба алады. 

Мансұр ЕСҚОЖИН