Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда қамыс өртеніп, қаланы түтін басты

Атырау халқы тағы да тұншықты. Қаладан 40 шақырым қашықтықтағы «Ақ Жайық» табиғи резерватында қамыс өртеніп, шаһарды көз аштырмас түтінді тұман басты. Күйіктің иісі қолқаны қауып, басты айналдырды. Әр көктем мен күз сайын қайталанатын жағдайдың алдын алмағаны үшін тұрғындар әбден ашулы.

Бұл – Атыраудағы таңертеңгі жағдай. Қою түтіннен қол созым жерді көру мүмкін емес. Иістен тыныс тарылып, көз аштырмайды. Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақ Жайық» резерваты аумағында қамыс өрті 1 сәуір кешке басталған. Түнде әрекет ету мүмкін болмағандықтан, тілсіз жаумен күреске кеше кірістік,- дейді шұғыл брифинг өткізген мамандар.

Жасұлан АҚТАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгінгі күнге дейін 89 гектар қамыстың жануы орын алған. Оның 82 гектары өшіріліп, 7 гектар құрайтын қамыстың жануы орын алуда. Жану аймағы батпақты жерде орын алуына байланысты екпінді жердің әсерінен өртті өшіру қиындық туығызып отыр, өрттің тез таралуына әкеліп отыр.

Қазір қызыл жалынмен 70 шақты қызметкер мен 10-нан астам техника алысуда. Көбінің қолында сапалақ. Батпақты жер болғандықтан техникалар да батып қалып, қиындық келтіруде. Алайда қызыл жалын бет қаратар емес. Жел екпіні қатты болғандықтан өрт сөндіруге тікұшақ тартылмаған.

Ғани АҒЫБАЕВ, «АҚ ЖАЙЫҚ» ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Өрттің көбісі түнде басталады, көбіне найзағай түседі, немесе адами фактор болады, кешегі жағдай ешқандай жаңбыр болған жоқ. Басқа да болған жоқ. Түнгі 11-де қатты жел болды да адами фактор екені анық. Ол жөніне полиция департаментіне арызданып, қазіргі уақытта кешегі өрт бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алайда бұған дейінгі қамыс өрттері дерегі бойынша кінәлер табылмаған. Мамандар батпақты жерде жүретін техника жетіспейтінін жасырған жоқ. Резерват қызметкерлері қорғану аумағында ұя салып үлгірмегендіктен аң-құстарға зиян келмегенін айтты. Ал аймақтың бас экологы ешбір көрсеткіш шектік нормадан асқан жоқ, - деп мәлімдеді. Тұрғындар дабыл қаққанмен қамыс өрті төтенше жағдай жариялауға себеп емес,- дейді мамандар. Дәрігерлер болса, денсаулыққа зияны орасан екенін айтып, созылмалы аурулары бар науқастарға үйден шықпауға кеңес берді.

Гүлнафис ТАҢБАЕВА, №7 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Күлмен улану, әсіресе, денсаулыққа, созылмалы аурулары бар науқастарда өршуі мүмкін. Себебі өкпе тыныс алу жолдары ауыратын я болмаса, әртүрлі бронхиалды астма аурулармен ауыратын адамдар асқынуға алып келеді. Себебі тікелей бұл әсер ететін себеп болып табылады.

Қала тұрғындары қою түтіннен бас көтере алмай жатқан кезде екі бірдей ірі кәсіпорында апатты жағдай орын алып, қоршаған ортаға шығарылым жіберілді. АМӨЗ және KPI компаниясы электр желідегі ақаудың салдары деп түсіндірді.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Көк түтін мен жағымсыз иіске тұншыққан атыраулықтарға медициналық масканың бірнешеуін қабаттап кисе де көмектеспей тұр. Дәл қазір желдің бағыты ауысып, түтінді тұман сейілді. Бірақ қолқаны қабатын иіс әлі де бар. Аймақтың экологиялық жағдайынан противогаз ғана қорғайтын сияқты.