Русский Сайттың толық нұсқасы

Төреғали Төреәлі әйеліне бейнебаян арнады

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2023
  • 1971

Отандық әнші Төреғали Төреәлі Алматыда "Менің Толқыным" атты әніне түсірілген бейнебаянының тұсауын кесті.

"Ұлы дала баласының" жұбайына арнаған туындысын алғаш болып өнердегі әріптестері тамашалады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тұсаукесер Рамазан айымен тұспа-тұс келгендіктен, эстрада жұлдызы келген қонақтарға ауызашар ұйымдастырды. Қасиетті айдағы басқосуда Мейрамбек Бесбаев, Кенжебек Жанәбілов, Мұқасан Шахзадаев, Қайрат Нұртас және тағы басқа өнер жұлдыздары бой көрсетті.

Ақ тілегін арнап келгендер арасында "Алашұлы", "Заман" тобы мен Бағлан Әбдірайымов, Мырзахан Маханов, Дәулет Бижанов та болды.

Ал Төреғали Төреәлі салтанатты жиында бірден екі бейнебаянын жарыққа шығарды. Оның алғашқысын әнші сүйікті жарына арнаса, екіншісін өз кәсібіне, яғни, фастфуд тағамдарына қатысты таспалаған. 

Еске сала кетейік, эстрада жұлдызы "Менің Толқыным" бейнебаянын осыдан бірнеше ай бұрын "Көлсай көлдері" табиғи паркінде түсірген еді. Ал түсірілім кезінде туындаған жанжалдан көпшілік сол кезде-ақ хабардар болып үлгерген. Дәлірек айтсақ, өткен жылдың қыркүйек айында Төреғали Төреәлі жас жігітті соққыға жықты деп айыпталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын. Көп ұзамай ол Бекарыс есімді гидпен ресми бітімге келгенін айтып, көпшілікке үндеу жасады.

Жиында әнші жанжалмен жанталасып түсірген бейнебаянын жарыққа неге кеш шығарғанын түсіндірді. "Сабақты ине сәтімен" дегендей, орайы осылай келіп тұр. Арнайы сақтауды мақсат етпедік, тек Алла қасиетті Рамазан айында жарық көруін нәсіп етті. Бұл бейнебаянды "Бол жанымда" атты ең алғашқы әнімді таспалаған өзбекстандық танымал режиссер Дилмурод Агзамов арнайы келіп түсірді", - деді ол.

Өнер иесі Көлсайдағы оқиғаға қатысты пікір білдіруді де ұмытқан жоқ.

"Қазір ол жара жазылды. Өз жасағанымның айыбын алып, заңға бағынамын. Бауыржан атамыздың "Тәртіпке бағынған құл болмайды" деген сөзі бар. Өнердің де, өмірдің де бұралаң жолы көп", - деп түйіндеді ол.

Төреғали Төреәлінің жұбайының туған өлкесінде таспалаған бейнебаяны ақ дастарханға жиналған қонақтардың көңілінен шықты. Кеш соңында өнердегі аға буын өкілдері Мейрамбек Бесбаев, Кенжебек Жанәбілов пен Мұқасан Шахзадаев сөз алып, әншіге өз тілегін білдірді.