Русский Сайттың толық нұсқасы

«Бұл оңай шешім емес, оны қабылдауға мәжбүрміз», - Ә.Смайылов

«Бұл оңай шешім емес, оны қабылдауға мәжбүрміз». Премьер-министр Әлихан Смайылов жанар-жағармайдың қымбаттауына қатысты осылай деді. Оның айтуынша, бізде мұнан басқа жол жоқ. Бағаның көтерілуіне не себеп? Үкімет отырысына қатысқан Тілшіміз Бекболат Сатуов тарқатады.

Ресейде дизельдің бір литрі – 345 теңге. Қырғыз Республикасында 390 теңге. Өзбекстанда 480 теңге. Ал бізде 230-260 теңге шамасында. «Біздің арзан отын өз мүддемізге емес көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп жатыр» деді Үкімет басшысы. Күніне 500 литр жағармай шекарадан шығады. Айына 15-20 тонна. Кім көрінген қолы жеткен ыдыспен сыртқа тасып жатыр. Сондықтан көрші елдермен бағаны теңестірмесек, елімізде бір ай ішінде мұнай өнімдерінің тапшылығы болуы мүмкін.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр.

Үкімет бағаны көтеру арқылы тапшылықтың алдын-алмақ. Бұдан бөлек қосымша тағы шаралар қарастыруда. Жанар-жағармай құнының құбылуы қымбатшылыққа әсер ете қоймайды дейді сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Жанар-жағармай бағасының өсуі азық-түліктің қымбаттауына аса әсер етпейді. Қазір елімізде баға тұрақты, осы орайда бірден өсіруге негіз көрмей тұрмын. Оның үстіне бізде азық-түлік қоры бар.

Сарапшылар бұл заңды құбылыс деп отыр. Жанар-жағармайды шекара асырмаудың жолы-осы екенін айтады.

Нұрлан ЖҰМАҒҰЛОВ, САРАПШЫ:

Қазір жыл сайын бензиннің бағасы өсіп отыруы керек. Өйткені инфляцияның өзі былтыр 20 пайыздан асып кетті. Егер өспейтін болса, қиын жағдай болады. Болашақта дизель отыны емес, біз бензинге тапшы боламыз. Қазақстанда арзан болғаны үшін Қырғыстан, Өзбекстанда 60 пайызға жоғары да. Сол үшін өтіп жатыр шекарада біздің дизель отынымыз.

Олжас БАЙДІЛДИНОВ, САРАПШЫ:

Жеңіл көлік 100 шақырымға 10 литр тұтынады. Ол айына 1000 шақырым жүреді. Яғни жүз литр. Бензиннің 20 теңгеге қымбаттауы ары кетсе шығынды 2000 теңге өсіреді. Бұл көп емес. Біз интернет үшін одан да көбірек төлейміз ғой.

Елімізде көктемгі егіс науқаны басталды. Ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер дизель отынынан қиындық көрмейді. Ол үшін 413 мың тонна бөлінген. Бұл былтырға қарағанда 13 мың тоннаға көп. Бағада өзгеріс жоқ.