Русский Сайттың толық нұсқасы

«ИВЛ аппаратын да қосу білмеген»: Қарқаралы аудандық ауруханасында қайтыс болған 8 айлық бүлдіршіннің анасы дәрігерлерді жауапқа тартуды сұрайды

«ИВЛ аппаратын да қосу білмеген». Қарағанды облысы Қарқаралы аудандық ауруханасында шетінеген 8 айлық сәбидің ата-анасы дәрігерлерді жауапқа тартуды сұрайды. Ақ халаттылардың кішкентай Айдархан Ибраһимді дұрыс емдемегенін денсаулық сақтау министрлігінің мамандары арнайы тексеруде растаған. Соған қарамастан күдікті тараптың тәуелсіз сараптамалары бір-біріне кереғар дейді баланың анасы. Әділдік іздеген жас анамен тілшіміз Айжан Қуаш сұқбаттасты.

8 айлық Айдархан Ибраһим осыдан 6 ай бұрын Қарағанды облысының Қарқаралы аудандық ауруханасында шетінеді. Оқиға былай болған, жас ана Дильназ Ақшолақова өткен жылы 17-інші қыркүйекте іші өткен баласын кезекші дәрігерге қаратады. Дәрігер дәрі жазып үйіне қайтарады. Арада екі күн өткенде бала ауыр жағдайда жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Ал келесі күні көз жұмды.

Дильназ АҚШОЛАҚОВА, ИБРАҺИМ АЙДАРХАННЫҢ АНАСЫ:

Бір күн үйде бақылап қарасын деп сосын үйге алып бардым бір күнде ешқандай результат болған жоқ. Сосын мен қайта апардым. Понедельник күні реанимацияға қолымнан алды да сол бойы көрсеткен жоқ баланы. Баламды вообще көрген жоқпын көрген кезде уже комаға түсіп кеткен болды.

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің мамандары арнайы тексеруде емдеу барысында біраз қателіктер кеткенін растаған. Мәселен, баланың іші өтуімен бірге пневманиямен де ауырғанын байқамаған.

Ольга СМИРНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Балаларда бұл ауру белгілері өте ұқсас. Вирустық инфекция ма, іш инфекциясы талдаулар жасату керек еді. Науқасты стационарда қалдырып тексеру керек болатын. Бірақ баланы үйіне жіберген.

Айдархан Ибраһимнің әжесі Айжан Ақшолақованың айтуынша, жансақтау бөлімінде де балаға тиісті көмек көрсетілмеген. Сарапшылар передозировка мен жасанды демалу қондырғысына кеш қосу дерегін анықтаған.

Айжан АҚШОЛАҚОВА, ИБРАҺИМ АЙДАРХАННЫҢ ӘЖЕСІ:

Реополиглюкинді құйды 400 мг, 2-3 сағаттан кейін преднизалон глюкоза үлкен-үлкен дозамен құйған.Үлкен адам дозасымен құйған. Аппарат ИВЛ-ді қосу білмейді. Аппарат ИВЛ бар врачтардың стаждары 34-35 жыл. Олар 34-35 жыл жұмыс істеп қалай болып жатыр осылай.

Реаниматолог қондырғыны қосу білмепті. Осылайша ИВЛ аппаратын бір күннен кейін облыс орталығынан келген дәрігерлер қосқан. Отбасы дәрігерлер санавиацияның өзі тым кеш шақырғандықтан дер кезінде балаға көмек көрсетілмеді дейді. Оны денсаулық басқармасының өкілдері растады.

Гүлжан ЖИЕМБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Санавиация бірінші күні сұралды. Бірақ оларға дәрігерлер автокөлікпен жіберілді. Өйткені сұраныс түстен кейін 4-тен кейін түсті. Ал бізде медициналық авиация тек түскі 12-ге дейін ғана ұшады. Сұраныс әрине баланың туыстарынан түсті.

Айта кетейік, баланың ИВЛ аппаратына тым кеш қосылғанын мамандар растаған. Бұл оқиғаға қатысты ҚК- тің 317- інші яғни, «медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әркеттер» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жапа шеккен отбасының айтуынша, күдіктілер жалдаған сарапшылар аталған деректерге кереғар қорытынды жасап емдеудің бала өліміне еш қатысы жоқтығын айтуда.

Айжан АҚШОЛАҚОВА, ИБРАҺИМ АЙДАРХАННЫҢ ӘЖЕСІ:

Независимый эксперттерді талап етеміз. Басқа қаладан. Астана, Павлодар, алматы болсын. Но Қарағанды емес. Мына эксперттер медфармконтроль проверкасын жоқшылыққа шығарып отыр.

Дильназ АҚШОЛАҚОВА, ИБРАҺИМ АЙДАРХАННЫҢ АНАСЫ:

Дәрігерлер менің ұлыма жөні түзу көмек көрсетпеді. ИВЛ аппаартты да қосқан жоқ.

Айта кетейік баланың өліміне қатысты Қарқаралы аурханасында реанимация бөлімінің меңгерушісі Талғат Оспанов, реаниматолог Талғат Жақсыбаев , инфекционист Алмаз Сүйіндіков есімді азаматтар айыпталған.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Тергеу жүріп жатыр. Іс сотқа жеткен жоқ. Дәрігерлер бала өлімінен кейін сөгіс алумен құтылған. Инфекционист жұмысынан шығып Астанаға ауысып кетіпті. Ал реаниматолог дәрігер балаларға ИВЛ аппаратын қосуды үйренген. Баланың отбасы ақ халаттылар осылайша жауапкершіліктен жеңіл құтылып кете ме деп қорқады.