Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұзда шенділер қоныс аударушыларға бөлінген 15 пәтерді туыстарына таратып жіберген

Екібастұзда шенділер қоныс аударушыларға бөлінген 15 пәтерді туыстарына таратып жіберген. Шенеуніктердің заңсыз әрекетін жемқорлыққа қарсы агенттік әшкерледі. Анықталғандай, Екібастұз қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік бағдарламамен берілуі тиіс баспаналарды туыстары мен өз қызметкерлеріне заңсыз берген. Бұл үйлер оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген қоныс аударушыларға үлестірілуі тиіс болған. Ал пәтерлерді иемденген шенділердің туыстары оны жекешелендіріп алуға әрекет еткен.

Дархан ҚҰРАҚБАЕВ, ОБЛЫС БОЙЫНША СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Баспана беруге жауапты комиссия құрамында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары ғана болған. Қоғамдық ұйым өкілдерін кіргізбеген. Шешім қабылдау кезінде бейнекамераны сөндіріп қойған. Себебі пәтер берілген адамдардың мемлекеттік бағдарлама жеңілдігін пайдаланатындай еш құжаты болмаған.

Орталық қызметкерлері баспанадан бөлек шағын және орта бизнеске берілетін гранттарды да талан таражға салған. Оны алдын ала сөз байласу арқылы өздерінің таныстарына берген. Және одан белгілі бір мөлшерде пайыздық үстеме ақы алып отырыпты. Қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемі есептелініп жатыр. Ал заңсыздыққа барған шенділер жұмыстан қуылды.