Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент тұрғындары үй түбінде бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорынның жұмыс істеуіне қарсы

Шымкенттегі Нұртас шағын ауданының тұрғындары таза ауа жұту арман болатын болды деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, дәл үйлерінің тұсында темір-бетон бұйымдары шығарылмақ. Қондырғылары орнатылып, қажетті шикізаттар жеткізілген. Зауыт іске қосылмай жатып, шаң-тозаңға айналған. Тұрғындардың жанайқайын әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аумағы 1 гектарға жуықтайтын бұл жерде әу баста құжат жүзінде спорттық-сауықтыру кешені, дәмхана, монша немесе тұрғын үй түсуі тиіс екен. Алайда қазір көріп тұрғанымыздай нысаналы мақсаты өзгертіліп, құрылыс материалдары шығарылғалы жатыр. Тұрғындардың мазасын алып тұрғаны да осы.

Нұртас шағын ауданының тұрғындары шағын кәсіпорынның бұл жерде жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы. Одан келетін қауіп орасан дейді. Құм мен қиыршық тасы тау боп үйілген бұл аумақта әлі жұмыс басталмаған. Соның өзінде сыртқа кір жаюдан қалдық. Ал терезені мүлдем ашпаймыз деп шуласты халық.

Гүлзина ӘБДЕШОВА, НҰРТАС ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әкеп түсіреді мына камаздан. Сақыр етіп түсіріп жатады. Шаң көтеріледі. Жел біз жақа барса тура қораға кіріп кетеді. Әйнекті аша алмаймыз. Таза ауа жұта алмаймыз дегендей. Ол бірінші кезекте денсаулықты ойлау керек қой, бәрі мен сияқты инвалид жаңағы астма аллергия боп кетсе не болады ол?

Алтынай АҚЖІГІТОВА, НҰРТАС ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұлар айтады, ішінде ғана шаң болады дейді. Қайдағы, шаңның бәрі төбеге ұшып жатыр. Желмен барлық үйге, осы көшенің үш төрт көше қазір жүгіріп жатырмыз, осылардың бәріне жетіп жатыр. Жанымызда садик те бар. Садикке уже баламызды беруге қорқамыз. Себебі садик тура осыған тақалып тұр.

Нұртастықтар былтыр да осы жерде құм мен тастың шаңын екі-үш айдай жұтқандарын айтады. Ол кезде заңсыз жұмыс істеп жатқаны анықталып, жұмысы тоқтатылған екен. Денсаулықтан айрылатын жағдай жоқ деген халық тиісті орындардың бәріне шағым хат түсіріп үлгеріпті. Биыл жерін басқа адамға жалға берген қожайын сөзге құлақ асар емес дейді.

Дәуіржан САРИЕВ, НҰРТАС ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Экологиядан ешқандай рұқсат жоқ. Ол жағын өткенде СЭС, ГАСК ке жібергенде олар штраф саламыз деген. Сонымен басқа ешқандай жауап келген жоқ. Біз ГАСК-ға жібердік, фронт офиске жібердік, прокуратураға жібердік. Әзірге жауап келмей жатыр. Соны енді мына қала әкімі Мұрат Әйтеновке өтініш, соны жеткізсек деп отыр мына халықтың мұңын. Өйткені бұл халықпен ешқайсысы санаспай жатыр, сөздің ашығы.

Ал жұмысқа кіріскен кәсіпкер бұл жерде жұмыс істеуге рұқсатым бар деп арқаны кеңге салып тұр.

Мұратали НИЯЗАЛИЕВА, СЕРІКТЕСТІК БАСҚАРУШЫСЫ:

Вот недавно только разрешение взяли полностью. Юрист келеді қазір айтады.

– Разрешение на чего?

– Производство. Железо-бетонное изделие. ЖБИ болады мына жерде. Будем выпускать вот кольцо, латок...

Алайда тұрғындар қол қусырып қарап отыра алмаймыз десті. Құжатты көпе көрнеу өзгертіп бере салғандардың да әректетін тексеруді талап етіп отыр. Әкімдіктегілердің өзі әлеуметтік нысандар түседі деген жердің нысаналы мақсатына биыл өндірістік базаның қосыла кеткеніне таңғалды. Ал құрылысты бақылаушылар тұрғындар атынан наурыз айының басында түскен арыздың әлі тексеріліп жатқанын жеткізді. Бір білетіні архитектуралық-жобалау тапсырмасы жоқ көрінеді.

Досхан САДЫҚОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА САПАСЫ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Рұқсаты жоқ дегеніміз ол біз сәулет және қала құрылысы басқармасы бар, ол кісілер ол мекеме АПЗ береді, АПЗ дегеніміз архитектурно-планировочное задание, сол берілгені берілмеген туралы сұраныс жібереміз. Сұранысқа сәйкес ол құжат алынбаған деген жауап келді. Соның негізінде мен айтып отырмын рәсімделмеген деп. Заңды заңсыз екенін біз толық тексеруден кейін айтамыз.

Шуласқан халық онсызда әу баста қаланың бас жоспарында мектеп түседі, екі шеті үлкен жол болады деп сеніп келген. Енді олар құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын елді мекеннен алып кетпейінше тыным таппаймыз деп отыр.