Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту орталығына қатысты заң қабылдады

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2023
  • 752

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

«Келісім 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 191-V Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2013 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы келісімнің 6-бабын жүзеге асыру үшін жасалды. Көрсетілген Келісімнің 6-бабында Орталықтың болу шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Орталық арасындағы жеке халықаралық шартпен айқындалатыны белгіленеді. Қазақстан Республикасының аумағында Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық халықаралық ұйым ретінде өзінің мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету Келісімде көзделеді», - деді заң жобасын таныстырған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Министрдің атап өтуінше, 2016 жылдан бастап Орталық өңір мемлекеттерінің төтенше ведомстволарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, зілзалалар мен төтенше жағдайлардың қаупін азайту саласында, оның ішінде атқарушы агенттік ретінде 30-дан астам бағдарламалар мен жобаларды іске асырды және іске асыруды жалғастыруда. 11 жоба Қазақстан Республикасының дамуына тікелей үлес қосады.

«Орталық алаңында Қазақстанның, шет мемлекеттердің, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың тәжірибелі сарапшыларын тарта отырып, 163 халықаралық іс-шаралар, семинарлар мен тренингтер өткізілді. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының бір жарым мыңнан астам өкілі зілзалалар қаупін азайту мен төтенше жағдайлар саласында әлемдік қоғамдастық әзірлеген үздік тәжірибелерге оқытылды. Бүгінгі күні Орталық серіктестермен бірлесіп, зілзалалар қаупін азайту мен төтенше жағдайлар саласында 60-тан астам зерттеу, талдамалық, әдістемелік әзірлемелер, оқу-әдістемелік, ақпараттық және есептік материалдарды әзірлеп, Орталықтың сайтында орналастырды. Ынтымақтастық үшін құқықтық база құру мақсатында Орталық халықаралық, үкіметтік емес, ғылыми, білім беру және өзге де ұйымдармен 31 меморандумға қол қойды», - деді ол.