Русский Сайттың толық нұсқасы

Парламент Сенатында біршама ауыс-түйіс болды

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2016
  • 2477

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысы өтті. Палатаның вице-спикері қызметіне Бектас Бекназаров бірауыздан сайланды. Ал бұған дейін осы лауазымды атқарып келген Асқар Бейсенбаев Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетін басқарады. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы болып Бірғаным Әйтімова сайланды. Сондай-ақ Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Дариға Назарбаева басқаратын болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Бәріміз сізді мемлекет және қоғам қайраткері ретінде жақсы білеміз. Тағайындалуыңызбен құттықтаймыз. Жауапты қызметте мол табыстар тілейміз.

Комитет төрайымы ретінде Дариға Назарбаева бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отырғанын айтты. Бірінші кезекте әскер қатарында келісімшартпен қызмет ететіндер санын азайтуды қолға алмақ. "Есесіне, жедел әскери қызметкерлерді  көбейту керек. Жастардың әскери борышын атқаруына мүмкіндік берген дұрыс", - дейді ол.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы:

Көптеген жастар не оқуға түсе алмай, не жұмысқа орналаса алмай бос жүреді. Біз үкіметте бұл мәселені талай рет көтердік. Статистикаға жүгінсек, жыл сайын мектеп бітірген 24 мыңдай жас осылайша әлеуметтік қиындық көреді. Егер сарбаздар санын арттыруды қолға алсақ, жұмыссыздар қатарын көбейтіп жүрген жастардың проблемасы шешілер еді.

Дариға Назарбаева қоғам арасында алаңдаушылық тудырып отырған балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарымен күрес жайына да тоқталды. Сенатор ана ретінде "педофилдердің өлім жазасына кесілуін қолдайтынын" жайып салды.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы:

Мен ана ретінде өлім жазасын қолдаймын. Алайда біз әлемдік қауымдастықтан тыс өмір сүріп отырған жоқпыз, халықаралық нормалар бар. Сондықтан бұл қадамға бара алмаймыз. Медицина тілімен айтсақ, педофилдер - жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар жандар. 

Дариға Назарбаева мұрагерлікке қатысты журналистер сұрағына да жауап берді. Оның пікірінше, мұрагерліктің айналасындағы болжамдар - тек алып-қашпа әңгіме ғана.