Русский Сайттың толық нұсқасы

«Мәдениет саласының қызметкерлері 60 мың теңге алады»: Ринат Зайытов маңызды мәселені көтерді

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2023
  • 753

Бұл туралы депутат Ринат Зайытов Мәжілістің жалпы отырысында жолдаған депутаттық сауалында айтты.

«Мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізуде және Отанымызды алыс-жақын шетелдерге таныстыруда мәдениеттің атқарып жатқан жұмысы аз емес. Республикамыз бойынша елеулі еңбек етіп жатқан 56 театр, 20 филармония, 267 мұражай, 3891 кітапхана бар. Ол аз десеңіз Қазақстан бойынша қаншама мәдениет үйлері және тағы сол сияқты бәрнеше өнер ұжымдары да бар.Ғ. Мүсірепов «Адам – өнерді қаншалықты жақсы көрсе, соншалықты қорғауға міндетті» - деген насихат сөзі бар», - деді Зайытов.

Ол атағандай,бүгінде мемлекеттің айнасы болып отырған мәдениет қызметкерлері мүлдем ескерусіз қалып отыр.

«Мәдениет саласының қызметкерлері дегеніміз – тек қана сахнада өнер көрсететін тұлғалар емес, солардың жағдайын жасап отырған сахна сыртындағы еңбек адамдары. Олар мемлекетіне шынайы махаббатпен қарап, мәдениетке бар ықыласымен қызмет ететін: сахна техниктері, костюмерлер, гримерлер, жарық түсірушілер, дыбыстаушы деген сияқты мыңдаған адамдар. Жанға бататын бір жайт, бұл аталған қызметкерлер әлі күнге дейін санаты жоғарылап, жалақысы өсіп жатқан ұстаздар, дәрігерлер сияқты мамандар қатарынан де орын алған жоқ. Қазіргі таңда қай мекемені алсаңыз да мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысы 60 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге жетер жетпес межеден аса алмай тұр. Еңбекақысының төмендігі білікті мамандардың жұмыстан өз еркімен кетіп, мәдениет ошақтарының жұмысын туралатуға әкеліп соғады», - деді Ринат Зайытов.

Ол өзінің сауалы оң шешімін табады деп сенді.

«Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімдерде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймын», - деді ол.