Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда әлі түтін: Экология министрлігі себебін атады

  • AstanaTV
  • 05 сәуір 2023
  • 1188

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Атыраудағы түтін мен жағымсыз иістің себебі ретінде мұнай өңдеу зауыты мен газ-химия кешенінің жұмысын атады, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Ведомство мәліметінше, 3 сәуірде бірнеше штаттан тыс жағдай болған, соның ішінде "Ақжайық" МТР-де қамыс жануы, "Атырау мұнай өңдеу зауытында" түтін шығуы және Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPl) ЖШС-де газ жануы.

"Мұның бәрі қолайсыз метеорологиялық жағдай мен жел болмауынан күрделі экологиялық жағдай туғызды. АМӨЗ-де технологиялық режим бұзылуы нәтижесінде П-2 пешінің жану режимінен қысқа мерзімде ақау шықты, бұл түтінге себеп болды", - деді ведомство өкілі.

Министрлік мәліметінше, түтін сағат 10:32-де басталып, 10:47-де аяқталған.

"Сонымен қатар, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc ЖШС полипропилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешенінде сағат 10:59-да KEGOC АҚ-ның 220 кВ Л-2025 әуе желісінің қысқа тұйықталуына байланысты KUS ЖШС МТЭС-те генерациялаушы қондырғылар апат жағдайында тоқтады, бұл электр қабылдағыштардың тұрақсыз жұмысына әкеп соқты", - деп толықтырды ведомство өкілі.

Қазір прокуратура органдарында екі кәсіпорынға қатысты тексерісті тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі дерек бойынша мән-жай анықталып жатыр.

"Былтыр жүйелі құқықбұзушылықтар үшін Атырау облысы бойынша экология департаменті АМӨЗ-дің экологиялық рұқсатын тоқтату бойынша сотқа материалдар жіберді. Биыл сапалы өзгерісті көрмедік", - деді Экология министрлігі өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Атырауда тұрғындар қаланы түтін басқанына шағымданғаны хабарланған болатын. Мұның себебі қамыстың өртенуі болған. Кейін Атырау облысы Төтенше жағдайлар департменті өкілдері өртсөндірушілер өрт сөндірумен айналысып жатқанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, қамыс өрті тікұшақпен сөндіріліп жатқаны белгілі болды.