Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясы Қостанай филиалында медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды

  • AstanaTV
  • 16 қыркүйек 2016
  • 2367

«Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалында денсаулық сақтау бағыты бойынша аймақтық комиссияның отырысы өтті. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды енгізу жайы қаралды. Өзге де  мәселелер талқыға түсті. Сала өкілдері медициналық сақтандырудың тиімді тұстарына тоқталды. Ел арасында ақпараттық- түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тұрғындар бастаманың қалай жүзеге асатыны жайлы сұрақтарын жолдауда. Жұмыс беруші төлейтін жарнаның көлемі туралы да білгісі келеді, -  дейді  мамандар.

Татьяна Булгацевич, «Нұр Отан» партиясы «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша аймақтық комиссия төрайымы:

Жаңа  жүйеге қатысты тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Түсініксіз тұстары да бар. Біз соларды талқыға салып жатырмыз. Ұсыныстарды Мәжіліс депутаттарына жолдаймыз. Бағдарламаны енгізуден бұрын осы олқылықтар ескерілсе, бастама ойдағыдай жүзеге асады деп ойлаймыз.

Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Мамандар, жергілікті бюджет қаражатына алынатын препараттар мәселесі шешімін тапқан жоқ, дейді. Мәселен, өңірде қант диабетіне шалдыққандардың  70 пайызы ғана тегін ем алуда. 5 жасқа дейінгі балғындарға берілетін тегін дәрі көлемі 76 пайыз. Бұл мақсатқа тағы 150 миллион теңге қажет.

Гүлшат Байжұманова, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Науқастар саны жыл санап артуда. Мысалы, қант кеселіне шалдыққандар қатары екі пайызға, жүрек талмасымен ауыратындар саны 25 пайызға артып отыр. Осыған байланысты алдын алу шаралары өткізіліп, аурудың түрін анықтап жатырмыз.

Заңғар САНАЙ