Түркістанда бір үйде жарылыс болып, төрт адам қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
21 наурызда 19:40 шамасында Түркістанда жантүршігерлік жағдай болды. "Яссы" шағынауданы, Қазыбек би көшесі №231 үйден үш кішкентай бала мен анасының күйік шалған денесі шығарылып, ауруханаға жеткізілген еді. Жансақтау бөлімінің дәрігерлері балалардың күйігі 50-60 пайыз, аналары 80 пайыздай екенін анықтап, жағдайы тым ауыр деді. Кейін араға 3-4 күн уақыт салып, алдымен үш баласы, артынан анасы да көз жұмды.
"Кешқұрым дүкенде тұрсам, бір нәрсе тарс етіп атылды. Дереу сыртқа жүгіріп шықсам, дәл қасымдағы үй екен. Түтеп, жанып жатыр. "Бұл үйде кішкентай балалар бар еді ғой" деп, ештеңеге қарамай ішке жүгіріп кірдім де, балаларды бірінен соң бірін сыртқа көтеріп шығардым. Олардың түр-әлпетін суреттеу тым ауыр. Ал аналарын шығаруға әлім жетпеді. Көмек сұрап көшедегі көліктерді тоқтатпақ болдым. Бір кезде ішінен біреуі жүгіріп түсті де көмектесті. Әйелдің денесі төсенішке жабысып қалған. Күйеуі Германияға жүк көлігін айдап кеткен екен, енесі ағайынның үйіне асқа кеткен. Сол кезде болған оқиға ғой. Әлі күнге ойыма оралса, өз-өзіме келе алмай, абдырып қалам", - деді оқиғаға куәгер болған көрші.
Үш баласымен бірге өртеніп кеткен әйелдің әпкесі сіңлісінің өліміне өзін кінәлайды.
"Сол күні біз сіңілім екеуміз Түркістан базарында жолығамыз деп келістік. 13:00 шамасында мен базарда кездесетін жерге келсем, ол жоқ. Біраз күттім, болмаған соң қоңырау шалдым. Көтермеді. Қанша рет хабарлассам да, тұтқаны көтермеген соң, уайымдай бастадым. Сосын үйіне бардым. Есігі тарс жабық тұрды. Бұл шамамен 15:00-дің кезі. "Бір жаққа кетіп қалды ма, не болды?" деп мән-жайды сұрауға көрші тұрған дүкенге кірдім. Сатушы қыз "Бізге күнде келіп, нан, сүт алып кетуші еді, бүгін А-ны көрмедім" деді. Сосын екеуміз бірге шығып, тағы да бір сағаттан аса есігін қақтық. Қоңырау шалдық, көтермеді. "Қой, жаманға жорымайын, бір жерге кетіп, телефонын тастап кетті ме, не де болса хабарласар" деп үйге кетіп қалдым. Бірақ жүрегім бір жамандықты сезгендей, дүрсілдеп тұрды. Өзім Түркістаннан біраз жерде ауылда тұрамын, кешке үйге жеткенде жаманат хабар жетті. "Неге есікті бұзып ашып кірмедім, бәлкім тірі қалар ма еді?" деп қатты өкіндім. Сіңлімнің қазасына әлі де болса, өзімді кінәлаймын", - дейді әйелдің әпкесі.
Мамандар оқиғаның шығу себебін әлі сараптап жатыр. Үйден редукторы істен шыққан 25 литрлік газ балоны шықты. Ал "Газмонтаж Нур" ЖШС өкілдері бұл отбасының газ желісін қостыруға төлем жасамауына байланысты тұтынушыға желіні қосып бермегендерін, сондықтан олар өз бетінше қосып алған болуы мүмкін деді.