Түркістандық Жомарт Бектұрсынов екі әйелімен тату-тәтті өмір сүріп отыр. Жеті ұл, бір қыздың әкесі атанған ол мұндай қадамға не үшін барғанын айтты, деп хабарлайды "Түркістан" арнасындағы "Нәзік әлем" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мен әулетте жалғыз ұлмын. Екіншісін аламын деп үйленерден бұрын да айтып жүрдім. Үйленген соң, алты жылдан кейін екінші әйел алдым. Мұның алдында бір жарым, екі жылдай келіншегімді үйреттім. "Екіншісін аламын, екіншісін аламын", - деп айтып жүрдім. Таныстырдым. Шүкір, екеуі тату-тәтті. Екіншісі алғанда біріншісі куәгер болып барды. Бірінші әйелімді қайынжұртқа жібергенде, екіншісі алып келемін. Әке-шешем шамалы қарсылау болды басында. Аллаға тапсырдым. Қазір жақсы бәрі. Жанұямыз да, туысқанымыз да бәрін біледі. Екінші келіншегіммен үйленгеніме екі жарым жыл болды. Қазір 7 ұл, бір қызым бар", - дейді Жомарт.
Осы орайда, Жомарт екінші рет үйленуге бірінші әйелінің қандай көзқараста болғанын мәлім етті. "Маған еш ренішін көрсеткен емес. Екеуі тату-тәтті. Тойға, отырысқа баратын болсақ, екеуін бірдей алып барамын. Бірдей қараймын. Біреуіне не алсам, екіншісіне де соны аламын. Екеуін ертіп аламын. Екеуіне де сезімім бірдей. Графикті де бірдей бөліп қойғам. Бір күн біреуінде болсам, екіншісінде де бір күн боламын. Бір әйелімде екі күн болсам, екіншісінде де екі күн боламын. Солай бөліп қойғам. Екеуінің де үй-жайы бар. Балалар бірдей араласады", - деді ол. Жомарт Бектұрсынов.
Жомарт Бектұрсынұлы үшінші, төртінші әйел алудан да ниетті екенін жасырмады. "Дәл қазір енді жоспарда жоқ. Алла біледі. Бірақ ниетіміз бар. Негізі екінші рет үйленер кезде бірінші әйелімнің телефоны жарылды. Неше түрлі хабарламалар келді. Маған да көрсетті. Ал қайын жұртым еш қарсы болған жоқ. Оларға алдын ала ескертіп: "Қыздарыңа жайлап айта беріңдер", - дегенмін. Олар мені күйеу бала емес, баласындай қарсы алады. Ол жақта бәрі тыныш, әлі күнге дейін бір сөз айтқан емес", - деді екі әйелі бар азамат.