Русский Сайттың толық нұсқасы

Іле өзенінде инспектор мен қорықшыны суға батырмақ болған браконьерлер 15 жылға сотталуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2023
  • 792

Алматы облысында электр тогымен балық аулап отырған браконьерлер қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Балық шаруашылығы комитетіне сілтеме жасап.

Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейн инспекциясының Төменгі Іле балық инспекциясының мемлекеттік инспекторы «Майтан» ЖШС қорықшысымен бірге Іле өзенінде бірлескен рейд жүргізген.

Оның барысында тыйым салынған құралды (электр тогын) қолдана отырып заңсыз балық аулау дерегі анықталды.

Үш моторлы қайықта 6 адам браконьерлікпен айналысып отырған.

Мемлекеттік инспектор күдіктілерді ұстауға әрекет қылып жатқанда олар қарсылық көрсетіп, инспектордың қайығын суға батыруға әрекет жасап, оқиға орнынан бой тасалап кетті.

Бұл жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 380-1-бабында көзделген құқық бұзушылық, яғни мемлекеттік инспектор мен қорықшының қызметтік міндеттерін орындау кезінде олардың өміріне қол сұғу бар.

Осы бапқа сәйкес жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен қорықшыға олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде қасақана іс-әрекеті үшін мүлкі тәркілене отырып 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сонымен қатар, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз өндіргені үшін ҚР ҚК 335-бабымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік бар.

Осыған байланысты Алматы облысы Балқаш ауданының полиция бөліміне ұстау кезінде қарсылық көрсету, қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды адамдарға шабуыл жасау және заңсыз балық аулау фактілері бойынша іс жүргізу шешімін қабылдау үшін өтініш берілді.

Бұл мәселе Балық шаруашылығы комитетінің бақылауына алынды.