Русский Сайттың толық нұсқасы

Автотұрақтар мәселесі қалай шешіледі?

Көлік көп, тұрақ жоқ. Астана тұрғындары көлігін қайда қоярын білмей әуре-сарсаңға түседі. Ал паркингте 1 орын кемі 2 миллион теңге тұрады. Сонда не істеу керек? Әріптесім Ақбота Базарбай толығырақ айтады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Астанадағы ең үлкен мәселенің бірі - автотұрақ. Жеткенше қайда қоямын деп ойланасың. Жеткен соң қалай қоямын деп ойланасың. Қайда қарасақ та орын таппай жүрген көп көлік.

Көлігімізді қоятын орын таппай біз де біраз сандалдық. Жарты сағаттай тұрғын үйді айналшықтап, ақыры мүлде басқа үйдің ауласына қалдырдық. Дәл осылай мәжбүрлікпен бір көшеден келесі көшеге көліктерін қалдырып, жарты жол жаяу жүрген тұрғындардың әбден ығыры шыққан.

Төкенбай ҚҰРАҚБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ауламызда машина қоятын орын жоқ. Кешке жақын жұмыстан келгенде балаларымыз, не өзіміз қоятын жер жоқ басқа біреудің ауласына қоюға тура келіп тұрады. Оның өзі алыс жаяу бару керек. Сондықтан үй салған уақытта ауланы кеңейтіп, кең жерден дұрыстап салу керек қой. Ал енді паркингке барайын десең паркинг күніне 1500 тг алады. Әйтпесе оның сатылу бағасының өзі 2-2,5 млн тұрады. Оны қалай аласың?

Қалада көлік көп. Ал аула маңында автотұраққа арналған жер тапшы. Үйлердің маңына көліктер ретсіз қойылуының себебі де содан. Бұған қатысты Мемлекет басшысы сын айтты. Автотұрақсыз үйлер енді салынбауы керек деп тапсырма берген еді. Содан бері не өзгерді?

Жанат КИМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЭСКИЗДІК ЖОБАЛАРДЫ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ ЖАРНАМАНЫ ҚАРАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

1 наурыздан бастап бұрынғы заңдылықтарға өзгерістер енгізілді. Бұрын құрылыс нысанына рұқсат берерде автотұрақ аса қатты ескерілмейтін. Ал қазір тұрғын үйде қанша пәтер болса, соның жартысы, яғни 500 пәтер болса, 250 автокөлікке орын қаралуы міндетті. Онсыз құрылысқа рұқсат берілмейді.

1 көлікке негізінен 3 орын қаралуы керек дейді құрылысшылар. Бірі үйінде, бірі жұмыс орнында, ал бірі сауда орталықтарында. Ал 500 пәтерге 250 орын салу, мәселені тек жартылай ғана шешпек.

Тимур НҰРТАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жартылай ғана шешілген мәселе, ертең тағы бір мәселенің басын ашады. Сондықтан оны түпкілікті шешетін жолдарды қарастыру керек. Қазір көлік көп, тіпті 1 үйде 2-3 көліктен бар. Ал 1 пәтерге жарты көлік деп қарастырған ақылға сыймайтын сияқты. Көлік саны азаймайды. Керісінше көбеймесе.

Қазір қалада жарты млн-ға жуық тіркелген көлік бар. Ал тіркелмегені қаншама. Оған алыс-жақыннан келген автокөліктерді қосыңыз.