Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпірге айналды», - сарапшы

«Екі ел арасындағы экономикалық өсім жоғары». Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы іскерлік байланысқа сарапшылар осындай баға берді. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан мемлекетіне арнайы іс-сапармен барды. Онда екі ел арасындағы ынтымақтастықты жақсарту мәселесі талқыланып, бірқатар құжатқа қол қойылған. Содан бері қандай өзгеріс болды? Бакуде талқыланған мәселелер шешімін тапты ма? Аружан Задабек сарапшылармен тілдесті.

Қазақстан «қара алтынның» басым бөлігін Еуропаға экспорттайтыны белгілі. Бірақ, бірнеше жыл бұрын Новороссийск порты терминалының жұмысында ақау шықты. Содан кейін еліміз экспорттың балама жолын іздеуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнайды Баку-Тбилиси-Джейхан және Баку-Супса мұнай құбырлары арқылы тасымалдауды тапсырды. Бұл мәселе Бакуде өткен Президенттер кездесуінде қозғалды. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім табылған жоқ дейді сарапшы. Бұл жолғы кездесудің мәні де сол – бір жыл бұрын талқыланған тақырыптарды іс жүзінде жүзеге асыру.

Риззат ЕЛУБАЕВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Әлеуеті зор болғанымен, әзірге оны жүзеге асыру механизмдері үлгермей жатыр. Сондықтан да бүгінгі таңдағы үкіметаралық отырыстардағы корытынды, содан кейін мемлекет басшылары арасындағы кездесуінен кейінгі қорытынды: бұл механизмдердің ашықтығын, шешім қабылдауды тездетуді ұлғайта. Экономикалық өсім міндетті түрде болады.

Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынас 90-жылдардың ортасында басталды. Содан бері тығыз байланыс ажыраған емес. Әсіресе, Батыс Ресейге қарсы санкция енгізгеннен кейін Қазақстан мен Әзірбайжан арқылы өтетін Транскаспий көлік дәлізінің маңызы күрт артты. Халықаралық көлік компаниялары Ресей арқылы жүк тасымалдаудан бас тартып, осы дәлізге басымдық берді. Нәтижесінде, жүк тасымалы өсті. Бұл да екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жемісі дейді сарапшы.

Ерлан АХМЕДИ, САЯСИ САРАПШЫ:

Еуразия өңірі үшін Транскаспий бағыты өте маңызды. Өйткені, тауар айналымы бар. Жалпы, жүк тасымалдау мәселесі, яғни, бұл - Транскаспий дәлізі. Еуропа мен Азияны, батыс пен шығысты біріктіретін өте маңызды өңір болып табылады. Сондықтан бұл бағытта да нақты жұмыстар жасалды. Қазақстан, Әзірбайжан, сонымен қатар, Түркия мен Грузия мемлекеттерімен бірігіп, бұл бағытта нақты-нақты жобаларды іске асыруға кіріскен болатын. Өйткені, қазіргі таңдағы геосаяси жағдайды ескере отырып, Қазақстанға осындай балама жолдар керек болып табылады.

Президенттің былтырғы Бакудегі сапары екі жақты қатынасқа тың серпін берді. Нәтижесінде, сауда-экономикасы дамып, инвестиция саласындағы ынтымақтастық артты. Бүгінгі Елордада өткен жиын осының дәлелі дейді сарапшылар. Сегіз айдың ішінде мәселелердің шешу жолы анықталды, енді тек алға қадам басу керек.