Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда журналистердің ұйымдастыруымен алғаш рет бейбіт экологиялық шеру өтті

«Біз уландық, бізге назар аудар». Атырауда журналистердің ұйымдастыруымен алғаш рет бейбіт шеру өтті. Жиналғандар соңғы уақытта аймақтың экологиялық жағдайының тым нашарлап кеткеніне наразы. Олар противогаз киіп, түрлі плакаттар алып шықты. Осылайша тиісті органдар мұнайлы астананың басты проблемасына назар аударуды талап етіп, петицияға қол қойды.

Көпбалалы ана Саягүл Бисалиева экологиялық шеруге балалардың денсаулығы үшін алаңдап келген. 2020 жылы жүктілігінің 26-шы аптасында босанып қалған. Бір келіге жетпейтін сәбиінің өмірі үшін бірнеше ай күресіпті. Ол жүктілік кезінде үнемі жағымсыз иісті сездім дейді.

Саягүл БИСАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бірақ уақытынан бұрын туылды ол бала. Мен ойлаймын біздің экологияның нашарлауы. Мен мына үйде тұратын болдым, Мұқанова 12, тап зауыттың қасында күн сайын есік-терезені ашу мүмкін емес болды. Екі ай жарым больница да жатқанда шетінеп кеткен балалар өте көп болды. Мен соның жүрегім жарылды.

Аслан ОМАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Атырауға таза ауа керек. Бүкіл адамдар онкология болсын, жүрек, өкпе болсын ауырып жатқандары белгілі шыны керек.

Орталық стадионға 600-ге тарта атыраулық жиналды. Басты талабы - таза ауа. Өйткені аймақ – ірі мұнай-газ кәсіпорындары шоғырланған өңірі. «Олардан атмосфералық ауаға тарайтын зиян ұшан-теңіз. Мәселен, Теңізшевроил 60 мың тонна, NCOC 23 мың тонна, АМӨЗ 10 мың тонна зиянды шығарынды лақтырады. Оған булану алаңы мен резерваттағы жиі қайталанатын өртті қосқанда, тыныс тарылады, өкпеміз өшуде. Ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі артуы тиіс» деді сөз алғандар.

Кәмшат ӘДІЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жасым 60-та созылмалы бронхитым қайта-қайта көтеріліп, 10 күн ауырып қалдым кеше. Ауа жоқ. Ол рас енді. Мынадай бейбіт шеуге әкімдік рұхсат бергеннен кейін облыс әкімі келу керек еді, қала әкімі келу керек еді. Олар халықтан неге қорқады?

Дариға ҚОСТУРЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Техникалық-биологиялық тазалау қондырғысына 80 млн евро бөлінді деді. Оның ізі жоқ. Демек, бұл 2024 жылға қарай пайдалануға берілетін нысан жоғалып кетті деген сөз. Жемқорлардың жұмсауында. Сондықтан да ауа өзгермейді жемқорлар тұрған кезде.

Бейбіт шеруге қаланың да, облыстың да әкімі келген жоқ. Кейбір орынбасарлары ғана бой көрсетті. Екі сағатқа созылған шеруде тек аймақтың экология зардаптары туралы сөз қозғалды. Жиналғандар талаптар жазылған арнайы петицияға қол қойды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА, ЖУРНАЛИСТ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Халықтың талабы бір – экологиямыз тазарсын, Атыраудың таза ауамен демалуы, кәсіпорындарға қатысты, төтенше жағдайлар департаменті, экология департаментінің, мемлекеттік органдардың тез арада қимылдауы, олардың материалдық базасының жаңартылуы, өрт болған жағдайда тез өшіру, қарапайым әрекет ету, талаптарымыз сол. Сонымен қоса кәсіпорындарға қатысты, заңға қатысты талаптарымыз бар.

Екі сағатта 600-ге жуық адам қол қойға петицияны Үкімет пен Президентке жібереміз дейді ұйымдастырушылар.