Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазан айынан бастап инфляция төмендей бастайды - Д. Ақышев

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2016
  • 2647

Қазан айынан бастап жылдық инфляция төмендей бастайды. Тамыз айында айлық инфляция көлемі 0,2 пайызға тең болмақ. Ал жыл басынан бері ол 5,4 пайызды құраған. Яғни жыл басынан бері жиынтық инфляция жоғарғы деңгейде қалып отыр. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен онлайн-конференцияда Ұлттық Банк төрағасы мәлімдеді. Данияр Ақышевтің болжамы бойынша, қазанда біршама төмендеп, жылдық инфляция 6-8 пайыз дәлізінде тұрақтауы тиіс.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:

Инфляциялық тұрақтылық халық үшін өте маңызды. Себебі оның тұрақсыздығы бағаның да құбылуына соқтырады. Біз ай сайын оның динамикасын бақылап, өз сайтымызда жариялап отырамыз. Ол әр кезде әр қилы құбылып отырады. Ал жалпы айтқанда инфляцияның бірден шарықтауына негіз жоқ. 

Сондай-ақ бүгінгі онлайн-конференцияда Ұлттық Банк төрағасы көптен бері талқыға түскен зейнетақы жинақтарына қатысты да пікірін білдірді. Алдағы уақытта салымшылардың қаржы мекемелеріне деген сенімін арттыру үшін бірқатар қадамдар жасалады. Соның бірі - азаматтардың зейнетақы қорындағы активтерді өздері басқара алатындай мүмкіндіктер жасалады. Ақышев банк жүйесіне қатысты арыз-шағымдарды қабылдайтын жаңа мобильдік қосымшаның жасалып жатқанын да айтты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ