Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында Ж.Тәшеновке ескерткіш орнату ұсынылды

  • AstanaTV
  • 20 қыркүйек 2016
  • 2461

Қазақстанның 5 бірдей облысын Ресей, Түркіменстан мен Өзбекстанға беруден аман алып қалған Жұмабек Тәшеновке елордамызда еңселі ескерткіш көтеру керек.  Бүгін «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына келген көпшілік ішінде осындай орамды пікір айтылды. Азаматтардың арыз-шағымын тыңдаған мәжіліс депутаты Байділдә Жылқышиев осы мәселені тиісті орында көтеріп, ономастикалық комиссияға ұсыныс жасайтынын айтты.

Аманжол Тәшмағамбетов, Астана қаласының тұрғыны:

Тәшенов - ол үлкен қоғам қайраткері, халықтың адамы. Оның еңбегі шексіз қазақ халқына. Ол кезде 5 облысты Тәшенов беріп қойса сол кезде, онда Ақмола болмайды ғой. Ақмола болмаса, Астана болмайды, міне, мәселе сонда.

Қабылдау барысында сан сауалмен келген азаматтар арасында түйіткілді мәселесінің нақты жауабын алған тұрғындар бар. Ол әсіресе, тұрғын үй мен несие проблемалары жайы. Депутат осы сынды көпті толғандырған сауалдар тек заң шеңберінде шешілетінін баса айтты. Мұнан өзге халық қалаулысы Байділдә Жылқышиев, азаматтардың өзге де ұсыныстары мен проблемаларын назардан тыс қалдырмай, қарап беруге уәде берді.

Байділдә Жылқышиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Әр қилы мәселелер. Негізінен тұрғын үй пәтер мәселелері көтеріліп жатыр, әлеуметтік көмек сұрағандар бар. Бәрін тыңдап, мүмкіндігінше заң шеңберінде қалай шешілетіні түсіндірілді. Сол сияқты бүгін келген азамат Астана қаласында да осы ескерткіш қойылса дейді. Өте орынды, оны біз тиісті органдарға айтып, оның  тиісті шешілетін жолдары бар.