Русский Сайттың толық нұсқасы

5 литр күнбағыс майы - 4599 теңге: арзан ба, қымбат па?

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2023
  • 1104

Биыл азық-түлік бағасында өзгеріс жоқ. Билік өкілдерінің ақпараты осындай. Ал халық күнделікті тұтынатын тағам түрлері айдан айға емес, күннен күнге қымбаттап жатқанын айтады. Кімге сенесің? Тілшіміз Сүндет Оралбеков базарға барды, бағаны бағамдады. Тұрғындарды да, жауаптыларды да тыңдады.

Сауда және интеграция министрі бірер күн бұрын әлеуметтік азық-түлік түрлерінің арзандағанын айтты. Және тапшылық жоқ, болмайды да деді.

Серік ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ-САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Қарақұмық, күнбағыс майы, қант, тауық етінің бағасы түсті. Өткен аптада картоп пен сәбіз арзандай бастады. Қазіргі уақытта тапшылық туралы мәселе көтерудің қажеті жоқ.

Сүндет ОРАЛБЕКОВ, ТІЛШІ:

Министр айтқан әлеуметтік маңызы бар тауарлар арзандады ма, жоқ па? Дүкен сөрелерінде 5 литр күнбағыс майы 4599 тг, қарақұмықтың келісі 439 тг, қанттың бір келісі 439 тг деп тұр, ал тауық етінің бір келісі 1300 тг. Бағаны бағамдай беріңіз...

Тұрғындар наразы. Қазір арзан ештеңе жоқ деп ашуланады. Керісінше, тамақ күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Азық-түліктің бағасы қымбат қой. Қарапайым халыққа әрине қымбат. От зарплаты, до зарплаты өмір сүргеннен кейін бізге барынша қиын түседі. Барынша аламыз бағаға қарамастан.

- Ештеңе де арзандаған жоқ, барлығы қымбат. Даже уже қымбат екенін білеміз да қарамаймыз ала береміз. Не ітейміз? Тамақ керек.

- Ешнарсе арзандап жатқан жоқ. Күн сайын қымбаттап жатыр. Бұрынғы кездерде 5000 теңгеге үлкен бір пакетпен шығатын едік. Қазір 5-10 мың теңге ақша емес. Кішкентай пакетпен шығасыз.

Баға әлі де өсіп жатыр. Бұған қандай да бір тосқауыл қою керек дейді депутаттар.

Олжас ҚҰСПЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Азық-түлік бағасының күннен-күнге қымбаттауы ел ішінде анық сезіле бастағаны ешкімге жасырын емес. Қазір халық көкейіндегі ең өзекті сұрақтардың бірі қымбатшылық. Әсіресе азық-түлік бағасы. Тек ресми статистикаға сүйенсек бағаның өсімі 25 пайыздан асып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше өткен аптада азық-түлік бағасында өзгеріс болмаған. Ал жылдық өсім 12 процент. Әр мәлімет әр түрлі. Кім кімді алдап жүргені белгісіз.

С. Оралбеков