Солтүстік Қазақстан облысында екі ірі су қоймасындағы көпірлер апатты жағдайда тұр. Әбден тозған өткел бөгетке қауіп төндіре бастаған. Стратегиялық маңызы бар нысан қашан жөнделеді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин айтады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Қызылжар өңірінде екі ірі су қоймасы бар: Петропавл мен Сергеев. Қос нысан өткен ғасырдың 70 жылдары Есіл өзенінің бойында салынған. Тоғыз жолдың торабындағы көпір жарты ғасыр жөндеу көрмеген. Соның салдарынан өткелдің беті және астындағы тіреуіштері әбден тозып тұр.
БЛИЦ:
- Мына көпірмен жүру өте қиындап бара жатыр. Оның жағдайын бүкіл қала біледі. Жүру мүмкін емес. Шұрық-тесік. Адам түгілі, машинаның өзі қиналып кетеді өтуге.
- Басқа жол жоқ. Ана мост ол, мына мост ол, екеуі бірдей.
Гидротораптарға "Қазсушар" мемлекеттік мекемесі жауапты. Құзырлы орган 12 жылдан бері бөгетті жөндеу керек деп дабыл қағып келеді. Ал арнайы тексеріс жұмыстары тек былтыр ғана жүргізіліп, қос көпір апатты деп танылған. Алайда, жаңғырту жұмыстарына қаражат әлі бөлінбеген. Мекеме өкілі нысан қосымша күрделі тексерісті қажет етеді, дейді.
Шұғайып ИБАТУЛЛИН, “ҚАЗСУШАР” СҚОФ ДИРЕКТОРЫ:
Көпірдің апаттығы көп нәрсеге байланысты. Көп нәрсені жөндеу керек. Оған бізге бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Сметалық құжаттар әлі дайындалған жоқ. Себебі, қайтадан тексеріс өткізу керек.
Ал облыстық мәслихатқа жуырда ғана депутат боп сайланған Ербақыт Амантай жөндеу жұмыстары мәселені тек уақытша ғана шешетінін айтады. Ол жолды жүк көліктері бұзып жатыр деп есептейді. Сондықтан қаражатты желге ұшырмау үшін арнайы таразы орнату керек, дейді.
Ербақыт АМАНТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:
Сол жолмен күніне жүздеген, тіпті мыңдаған жүк көліктері өтуі мүмкін. Ал өтіп жатқан жүк көліктерінің салмағын ешкім бақылап жатқан жоқ. Рейдтер кезінде ғана емес, күнделікті көпірдің қасына келген көлік өтетін кезде оның қандай салмақпен келгені өлшеніп тұру керек. Егер олай істемейтін болсақ, миллиардтап бөліп жатқан ақшамыз топыраққа сіңген су сияқты жоқ болып кетіп жатыр.
Апатты жағдайда тұрған көпірлерді жөндеу жұмыстарының қашан қолға алынатыны белгісіз. Әзірге құзырлы орган аталған жолмен жүк көліктерінің қатынауына уақытша тыйым салмақ.