«ӨКМ Операторы» ЖШС-ге қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталып жатқан Рустам Темірбектің адвокаты процесті жүргізіп жатқан судьяны ауыстыруды талап етті.
«Р.Темірбекті айыптаудың үш эпизоды бойынша қылмыстық қудалауды тоқтату және тергеушінің өтініштерде баяндалған Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 31-тарауының талаптарын орындамауы мәселелері жөніндегі дәлелдерінің ешқайсысы тексерілмеген. Сот оны өз қаулысында теріске де шығармаған. Бұл қылмыстық іс жүргізу заңының талаптарына қайшы және бұл істі алдын ала тыңдау кезіндегі жүйелі тексерістің болмағанын көрсетеді», - деді адвокат Шолпан Сәрсенова сот процесі барысында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта прокурор да, сот та айыпталушының шағымын қарамаған. Яғни, осы бөлікте Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптары орындалмай отыр.
«Мұндай жағдайларда прокурор шағымды қарағанға дейін іс сотқа жолданбайды. Бұл Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 297-бабы 7-бөлігінде айқындалған», - деп тоқталды Шолпан Сәрсенова.
Оның айтуынша, сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында айыпталушылар қылмыстық іске қатысты материалдарымен де таныспаған. Алайда, сот бұл іске қатысты басқа судья тағайындау туралы адвокат өтінішін қанағаттандырмады. Қоса кетейік, бүгін елордада «ӨКМ Операторы» ЖШС-ге қатысты басты сот талқылауы басталды.