Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда ең ірі су қоймасындағы бөгетті мұз басты

Сәуірдің күрт суыған күн райы Тобыл-Торғай өңірінің тұрғындарын да тоңдырды. Әсіресе оңтүстік аудандар ақ ұлпаға оранып, жолдар жабылды. Бесқонақтың қарлы-боранды,қатты дауылды болып келетіні бесенеден белгілі. Қанша қиындық әкелсе де, байырғы қазақ жақсылыққа жорыған. Негізгі амалдың қарлы болуы –жаздың жайлы, егінді болатынын білдірсе керек дейді өлкетанушылар. Өңірлердегі ахуалды тілшілеріміз жеткізеді.С

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Ақ қар. Көк мұз.Дүлей дауыл. Байырғы қазақ белгілеп кеткен бесқонақ мінез көрсетуде. Қара суық, қатты жел. Күн райы күрт бұзылатын бес күнді «өліара» деп те атайды. Бұл- мерзім сәуірдегі негізгі амалдардың бірі. Табиғи құбылысқа таң қалып, апокалипсиске теңеудің қажеті жоқ дейді өлкетанушылар. 

Ибраһим АҒЫТАЙҰЛЫ,ӨЛКЕТАНУШЫ: 

Егер «бесқонақ» жауындатып-шашындатып,қарлатып келетін болса ол жыл жақсы болады деп есептеген.Ырымға балаған. Қиындықтар да әкелген.Мал шығынға ұшырайды.Бірақ қазақ соған қарамай жауынды-шашынды бесқонақтарды ылғалды, жақсы егінді жыл болады деп есептеген. 

Қазақтың жыл санауында 360 күн бар.Қалған бесеуін бесқонақ деген. Аспан кеңістігін зерттеген атам қазақ оны ежелден күнтізбеге енгізген. 

Рауан БАЙДАЛЫ, ТАРИХШЫ: 

Қола дәуірінен басталады деп айтуымызға болады.Ол кезде тіпті мынау қазақ хандығы, түркі қағандығы жоқ еді. Оған дейін мынау көшпелі малшылықтың алғашқы шыға бастаған кезінен бұл пайда болған. Сол ауа райына байланысты. 

БЛИЦ: 

- Бес күн бойы күн салқын болады.Сосын күн жылиды. 

- Ескіше бес күн.Жаңаша бес күн.10 күнге созылады. 

- Бес кісі қонаққа барған.Ол кезде ауа райы жылы болып тұрған.Ал қайтар кезінде қатты суып кетіп, боран болып олар үсіп өлген деген аңыз бар. 

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: 

Иә, бесқонақтың аңызын әлгінде ғана қазақ қызы қысқа қайырды.Сұрастырып көрсек қазіргі қазақтардың көбі «бесқонақты» біледі екен.Бірақ таңданып, таңсық көретіндері де ұшырасты. Ең бастысы бес күн бойы қалың киініп, жылы жүруді ұмытпаған жөн. Өйткені сәуірдің ызғары өңменіңнен өте шығады. Күрт бұзылған күн райы теріскейдегі көпшілікті де әбігерге салса керек. Көрші облыстың ахуалын әріптесім Абзал Құрманкин жеткізеді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Қызылжарда қолайсыз күн райының салдарынан облыстың ең ірі су қоймасындағы бөгетті мұз басты. Әлеуметтік желіде ауыл тұрғындары таратқан видео Қазақстанда емес, құдды бір голливудтық фильмнің үзіндісінен алынғандай. 

Құзырлы орган өкілдері Сергеев су қоймасындағы мұз жоғары ылғалдылық пен сынап бағанасының нөлден төмен түсуінің нәтижесінде пайда болды, дейді. Айрықша табиғи құбылыс теріскейге таңсық көрінеді. Құзырлы орган мамандары бұрын-соңды аймақта мұндайды көрмегендерін айтады. Жалпы, су қоймасында өзен деңгейі бірте-бірте түсіп келеді. Бір апта бұрын бұл жерден өткен тасқын толқыны енді Петропавлға жетті. Қала жанындағы халықаралық тас жолды су басты. Асфальт үстіндегі судың тереңдігі 35 см-ге, ал ұзындығы 120 метрге жеткен. Қатынап жүрген көліктерге қауіп төнген соң, құтқарушылар бұл аралықты жауып тастады. 

Рамиль КАМАЛОВ, СҚО ТЖД БАСШЫСЫ: 

Қызылжарда Есіл өзенінің деңгейі бір метрге көтеріліп, көпірдің қасынан өтетін Челябі-Новосібір тас жолының 428-нші шағырымын су басты. Бұл аралықтағы саяжайларға қауіп төніп тұр. Ол жерде 200ге жуық адам тұрады. Олардың барлығы тасқын жөнінде ескертілді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Жалпы төтенше жағдай мамандары шамамен екі аптадан кейін тасқынның екінші толқыны болады, деп болжап отыр. Қызыл су Ақмола облысынан келмек. Алайда, ол кезде Есілдің деңгейі қатты көтерілмейді. Демек, үлкен қауіп жоқ деп есептейді олар.