Русский Сайттың толық нұсқасы

Кәрі қыздардың саны 350 мыңға жетті

Елімізде оң жақта отырып қалған ару саны 350 мыңға жетті. Бұл – демографтардың бейресми мәліметі. Мамандар жыл өткен сайын кәрі қыз көбейіп барады дейді. Оған дәлел, соңғы үш жылда ақ келін атанғандардың саны 6 есеге азайған. Бұған не себеп? Аружан Задабектің материалында.

Елімізде күйеуге шықпаған қыз бен бойдақ жігіттің саны 1 миллионға жуық. Өз теңін таппай жүргендердің қатарында Анаргүл Ибрайымбекова да бар. Психолог бүгін 35 жасқа толды.

Анаргүл ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Біршама жігіттермен сөйлестім. Бірақ өзіме, жүрегіме жақын адамды байқаған жоқпын. Кейбір қыздар өзімнің жағдайымды жасап алайын, ата-анама көмектесейін деген сияқты менде де дәл сондай ұстаным болды.

«Қыздар неге тұрмысқа шығуға асықпайды?» Бұл сұрақты арулардың өзіне қойдық. Олар мұны жігіттердің әлсіздігімен байланыстырды. Қазір ер азаматтар қызға сөз сала алмайды, батылдықтары жетпейді дейді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Олар көреді ғой әдемі қызды. Өз қалтасын ойлайды да олар. Ол қызбен жүрсем көп ақшам кетіп қалады деген сияқты.

- Қатарлас емес қыздарға қарайды да, жоғары. Сынбайтын қыз жоқ, сындыра алмайтын жігіт бар.

- Жігіттер ұялады, танысуға батылдықтары жетпейді. Олар үшін қыздар өзі барып танысып, өздері сөз салуы керек.

Жігіттер шынымен батылдығынан айырылған ба? Тексеріп көрдік. «Танысайық» деп бірнеше жігіттің жанына бардым.

– Сізбен танысайын деп едім. – Не үшін?

– Ерасыл. – Аружан. – Номер беріңіз, мен сосын сөйлесемін. – Ұнап тұрмын ба негізі былай? – Былай әдемісіз.

– Шақыру керек қой. – Менімен таныстыру үшін ба? – Иә. – Ол қайда? – Ол ауылда ғой.

– Неге қашып жатсыз менен? Жазып алыңыз номерімді. Сосын звондаңыз, кездесуге шақырыңыз! Шақырасыз ба? – Шақырамын.

– Танысайық та? – Нет!

Қыздар орта есеппен 24 жасында тұрмысқа шықса, жігіттер 28-ге келіп шаңырақ көтереді. Ал елдегі кәрі қыздардың орташа жасы – 40. Бұл жастағы мың қыздың тек жүзге жуығы ғана балалы бола алады. Сондықтан қоғам белсенділері ерте шаңырақ көтерген жөн – дейді.

Қарлығаш БЕКПАТШАҚЫЗЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Білімді де, ибалы, тәрбиелі, қазақтың санын көбейтетін, әдемі қызды дайындап, оны келешекте ана болуға даярлап, құтты орнына қондыруды ойлау керек. Дүниенің соңынан қумай, дүниемен мақтанбай, білімді, ибалы қыздарымызбен мақтанайық.

Халық тоқсаныншы жылдарға дейiн 20-дан асқан қызды отырған қыз деп санады. Кейiнiрек арулардың 25-26 жасында тұрмысқа шығуына көз үйренді. Қазiр отызға толмаған қыздың оң босағада отыруының еш айыбы жоқ. Өйткенi жыл өткен сайын үйленудiң орташа жасы да көтерiлiп келедi. Ал медицина бойынша кәрi қыз санатына 27 мен 35 жасқа толғандар жатады.