Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңіріндегі диқандар мемлекеттік кіріс департаментімен соттасып жатыр

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2016
  • 3143

Қостанай шаруалары соқа дауын шеше алмай жүр. Қырманшылар 4 жыл бұрын Канададан алған қымбат техникалары үшін 5 пайыздық кедендік баж салығын төлейтін болды. Оған өсімпұл да қосылған. Соттың үкімі осындай. Өйткені соқа ауыл шаруашылығы техникасы емес, жай ғана дән сепкіш құрал болып табылса керек. Енді диқандар бітік шыққан бидайды қамбаға құюдың орнына сот табалдырығын тоздырып жүр. Заңғар Санай сабақтайды.

Заңғар Санай, тілші:

Шалғайдағы шаруалар мына құны қымбат канадалық техниканың көп жүйелі екендігін көптен бері дәлелдей алмай жүр. Диқандардың айтуынша, шетелдік агрегаттың көмегімен көктемде дән сіңіріп, күзде жер өңдеп, жаз ортасында зиянкестерді улауға болады. Алайда, мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері оны қарапайым дән сепкіштер қатарына жатқызып отыр.

Александр Павловский 2012 жылы канадалық кешеннің екеуін сатып алыпты. Сол тұста шаруа қожалығы  көпжүйелі құрылғыға нөлдік мөлшерлеме негізінде қол жеткізіп, кедендік рәсімдеуден өткізген. Енді мемлекеттік мекеменің шешіміне сәйкес кәнігі диқан қос техникаға 7 миллион теңге көлемінде кедендік баж және өсімпұл төлеуі тиіс.

Александр Павловский, шаруа қожалығының  басшысы:

Техниканың әуелгі тауарлық кодын шығарған елі береді. Яғни халықаралық код Қазақстанда берілген жоқ. Кедендік рәсімдеу кезінде де оны ешкім өзгерткен жоқ, бастапқы коды болды.

Ал мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары, тауар кодын өзгертіп, өзге топқа жатқызуға көрші мемлекеттен келген хат негіз болды, деп отыр. 


Көркем Бектасова, Қостанай облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы:

Тауар кодының өзгерілуіне РФ тарапынан бізге 2013 жылы жолданған хат негіз болды. Сол хатта бұл кешендердің 5 пайыздық кедендік төлемге жататындығы көрсетілген. Сонымен қатар шешімді қабылдау барысында  2007 жылы бекітілген ауыл шаруашылық энциклопедиясында көрсетілген мемлекеттік сәйкестік талаптары пайдаланылған.

Қостанайдағы «Кеден-Сервис» серіктестігі кедендік рәсімдеу қызметін көрсетумен айналысады. Шаруалар сатып алған шетелдік кешендердің де құжаттары осы жерде түгенделіп, тиісті мекемеге жөнелтілген. Серіктестік басшылығы, мемлекеттік кірістер департаментінің шешімі негізсіз, дейді. Өйткені халықаралық кодты өзгерту мүмкін емес.

Людмила Нестерова, «Кеден-Сервис» ЖШС директорының орынбасары:

Кедендік органдар бюджетті толтырамыз дегенді басшылықа алып отыр. Алайда, осы кешендерге қатысты шаруалардан өндірілетін 5 пайыздық мөлшерлеме көлеміндегі қаражат Қазақстан қазынасына түспейді. Президенттің Кедендік одақ аясында қол қойған Заңына сәйкес қомақты қаражат Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения секілді елдердің бюджетіне түседі.

Осылайша, астық жинауы тиіс шаруалар сот табалдырығын тоздырып жүр. Мемлекеттік мекеменің шешімі негізсіз дегенді дәлелдегісі келеді. Бұған дейін экономикалық сот 3 диқанның талап-арызын қарап, қанағаттандырған жоқ. Енді облыстық соттың қазыларына жүгінбек. Қыруар қаражат төлеуге мәжбүр болған қырманшылар жоғарғы сотқа дейін барамыз дейді. Ауыл шаруашылық министрлігіне де хат жолдамақ.

Заңғар САНАЙ