Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарыздың қордалануына құзырлы органдар бір-бірін кінәлап жатыр

  • AstanaTV
  • 22 қыркүйек 2016
  • 3307

Алматыда жыл басынан бері жүргізушілердің жол ережесін бұзғаны үшін төлейтін айыппұл көлемі 2 млрд теңгеден асқан. Алайда мұншама қыруар қаражаттың 200 миллионы бюджетке түспеген. Жергілікті әкімшілік полиция бұған жеке сот орындаушыларды кінәлап отыр. Ал айыппұл өндірушілер мәселе сақшылар базасындағы шикілікте дейді. Тараптардың тартысына куә болған алматылық тілшіміз Ришат Асқарбекұлы тарқатады.

Қазір Алматы көшелерінде полицияның ысқырығы естілмейді. Жол ережесін қадағалайтын жүйе мейілінше автоматтандырылған. Көше қиылысындағы бейнекамераларға стационарлық бейнебақылау тетіктері де қосылды. Сондықтан 500 мыңнан астам көлігі бар шаһарда жүргізушілер аяғын аңдап басады. Десе де жыл басынан бері алматылықтар 2 млрд теңгеге жуық айыппұл арқалапты.

Алайда бюджеттің бүйірін шығаруы тиіс бұл қаражат әлі де қазынаға құйылмай отыр, - дейді әкімшілік полиция өкілдері. Айыбын өтеуге асықпайтындардың ісі сотқа өткенімен, оның орындалуы шабандаған. Құқық қорқаушылар бұған жеке сот орындаушылар институтының енгізілуін кінәлап отыр. Биылдан бастап әкімшілік айыппұлдарды өндіру жеке сот орындаушыларының құзырына берілген еді. Олар жеке пайдасы үшін ірі соммаларды ғана өндіруге асығатын көрінеді.

Салтанат Рахымбаева, Алматы ІІД ЖПБ бөлім басшысы:

Біз сот орындаушыларымен де, олардың тікелей басшыларымен де бірнеше рет жиналыстарда кездескенде, осы мәселені көтердік. Яғни сот орындаушылары 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінен төмен айыппұлдарды өндіруге асықпайды. Олар аталған сомманың 25 пайызын ғана алады. Бұл шамамен бір жарым мың теңге. Кім мұндай ақшаға жұмыс істегісі келсін?

Алайда «пайдакүнем» деп айыпталған жеке сот орындаушылар палатасы полицияның өзін кінәлап отыр. Базадағы мәліметтер өзгертілмейтін болса керек. Сондықтан олар әкімшілік полициядан айыппұлды өтейтін жүйені жетілдіруді талап отыр.

Қайрат Омаров, Алматы қалалық аумақтық жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары:

Егер айыппұл иесі ақшаны төлеген соң, полиция оны борышкерлер базасынан өшіріп тастауы тиіс. Алайда олар барлығын сот орындаушыларға қарай бағыттай береді. Ақырында борышкер де, біз де шатасып кетеміз.

Қалалық әкімшілік полицияның дерегінше, жыл басынан бері сот шешімі шықса да, 200 млн теңге айыппұл әлі өтелмей отыр. Жол сақшылары қыркүйек айынан бері қалада айыппұлын төлемей жүргендерді анықтайтын рейд жиі ұйымдастырып жатыр. Мөлшері көп әкімшілік айыппұл иелерінің көліктерін уақытша айыппұл тұрағына алуға дейін шара қолданылып жатыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Сот орындаушылар мен әкімшілік полиция арасындағы текетірес мұнымен аяқталмақ емес. Жақында ішкі істер департаменті жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін прокуратураға арызданған. Қазір бұл шағым сотта қаралып жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ