Қызылжарда қоқыс тарифі екі есе қымбаттады. Қала тұрмыстық қалдыққа батқан соң, жергілікті билік коммуналдық кәсіпорындардың өтінішін қарастырып, оң шешім қабылдады. Жаңа тариф қоқыс шығаратын компанияларға пәрмен бере ме? Қалада тазалық орнай ма? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкиннің репортажы.
Қызылжарда қоқыс тарифі соңғы рет 2018 жылы 220 теңге деп бекітілген. Бүгінде коммуналдық кәсіпорындардың қымбаттату жөніндегі бастамасы бюрократияның барлық сүзгісінен өтіп, тариф кеше тура екі есе ұлғайды. Алайда, мұның өзі жауапты кәсіпорындарға жаңғыру үшін аздық ететін көрінеді. Бақандай 480 теңгеге жеткен тарифпен тек жыртықты жамаймыз дейд.
Мұрат ЕСМҰҚАНОВ, ҚОҚЫС ШЫҒАРАТЫН КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:
Біздің қоқыс полигоны мен қосалқы бөлшек сататын компанияның алдында 10 миллион теңге көлемінде қарызымыз бар. Біз ең алдымен сол қарыздан құтыламыз. Кейін техниканы қалпына келтіреміз. Бұл тариф жаңа көліктерді сатып алуға мүмкіндік бермейді.
Тығырыққа тірелген коммуналдық компаниялар соңғы кезде қалада жиналған қоқысты еңсере алмай қалды. Жауаптылар біраз сынға ұшыраған болатын. Жергілікті билік енді мұндай ағаттыққа жол берілмейді, деп сенеді.
Эльмира СӘДУАҚАСОВА, ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Үйлердің қоқысы уақытылы шығарылған жоқ. Ол бойынша қалалық әкімдіктің қатысуымен қосымша 10 техника жұмысқа қосылды. Екі бригаданы шығардық өзге кәсіпорындардан алып. Осындай көмек көрсетілді бұл компанияларға. Жалпы қоқысты уақытылы шығармау бойынша шаралар қолданылып жатыр. Әрине келісім шарт болғандықтан олар шығару қажет. Оларға ескертулер айтылды.
Тариф мәселесі бүгін еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста да айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек мемлекеттік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағыттау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тарифті өсіруден түскен қосымша қаржы тек қана коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалуы керек. Сондай-ақ жаңа қуат көздерін іске қосуға және жұмысшылардың жалақысын көтеруге бағытталуы қажет. Монополистердің міндеттері мұқият нақтыланып, толығымен орындалуы тиіс. Сондықтан Үкіметке қаржының жұмсалуын бақылайтын қатаң амал-тәсілдер енгізуді тапсырамын. Оған цифрлық бақылау жүйесін де енгізу керек.
Жұрт коммуналдық қызметке төлеген ақшасының қайда, қалай жұмсалып жатқанын көріп, біліп отыруы тиіс. Замануи ақпараттық технология бұған толық мүмкіндік береді, деді Президент.