Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкшетауда ескі көліктің жүк салғышынан қару-жарақ арсеналы табылды

  • AstanaTV
  • 20 сәуір 2023
  • 965

Көкшетау қаласының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қару-жарақ қоймасын тапты.

Полиция өкілдері хабарлағандай, қару-жарақ арсеналы жеке үйдің аумағында тұрған ақаулы көліктің жүксалғышында жасырылғаны белгілі болды.

«18 сәуірде Ақмола ҰҚҚКБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қару-жарақ қоймасын тапты. 4 бірлік қару, оның ішінде ИЖ-К 16 калибрлі мылтықтың тегіс ұңғылы бір ұңғылы кесіндісі, 16 калибрлі ТОЗ – БМ маркалы мылтықтың тегіс ұңғылы кесіндісі, ТТ тапаншасы және оқ-дәрісімен Удар – М2 аэрозольдік тапаншасы ВАЗ-2114 автокөлігінің жүксалғышынан табылды», - делінген хабарламада.

Аталған дерекке қатысты полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеді.

«Тергеу және жедел іс-шараларды жүргізу кезінде полицейлер қаруды сақтауға қатысы бар 32 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады», - делінген хабарламада.

Тәркіленген қару сараптамаға жіберілді, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданатын болады. Сонымен қатар жедел уәкілдер бұл мылтықтар мен тапаншалардың Көкшетауда қалай пайда болғанын анықтап жатыр. Тергеу жалғасып жатыр.