Русский Сайттың толық нұсқасы

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жермен-жексен болуы мүмкін

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр. Қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Қызметкерлер келген туристердің басына сылақ түспесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Депутаттар алты ғасыр тұрған орынды алты күнде жермен-жексен етсек, алты құрлыққа масқара боламыз – дейді. Мәжілісмендерді алаңдатқан осы және өзге де мәселелерді Аружан Задабек айтады.

Тарихы терең кесенені зерттеу-сараптау жұмыстары былтыр ғана жүргізілген. Тексеру нәтижесінде нысанның жағдайы «қанағаттанарлық» деп бағаланды. Алайда, кесененің қазіргі көрінісі адам шошырлық деңгейге жеткен. Мәселе шешілмей, осылай жалғаса берсе киелі орынның опырылып кетуі әбден мүмкін.

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз.

Ал, мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанованы жастардың синтетикалық есірткіге деген әуестігі алаңдатады. Жылдан-жылға аты жаман затқа тәуелді балалардың саны артуда. Бұл тажалдың әдеттегі нашадан 15 есе күшті екенін ескерсек, болашаққа бұлыңғыр көзбен қараймыз – дейді депутат.

Динара ШҮКІЖАНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Есірткі қолданатындардың жасарып бара жатқанын көру – қиын. Тездетіп мәселені шешу керек. Әр мектепте сынып сағаттарын өткізіп, ата-аналарға түсіндіру қажет. Бұл өзгенің емес әр ата-ананың жеке проблемасы. Біздің тараптан кешенді жоспарды қабылдап, заңнаманы қатаңдату керек.

Мәжіліс залында қозғалған тағы бір мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Елімізде балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс жиіліп кетті. Сандарды сөйлетсек, Қазақстандағы әрбір үшінші оқушыға әлімжеттік көрсетеді. Салдарынан, өз-өзіне қол жұмсайтын жеткіншектер саны да артқан.

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Істерді қатаң бақылауға алып, айыптылардың жазадан құтылып кетпеуін қадағалауыңызды сұраймыз. Және әлімжеттік фактілерін біле тұрса жасырып қалған қызметтегі азаматтардың да жазаға тартылуы керек. Оған қоса, балаларды қорлап жатқан кезде араша түсудің орнына сол әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп жариялаған адамдарды да жазалау қажет. Және айыпты оқушылардың ата-аналары да тиісті жазасын алуы керек.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков елімізде жол апатынан қайтыс болғандардың саны соғыста өлгендерден көп – дейді. Жыл сайын 10-15 мың жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Салдарынан 2 мыңға жуық адам қаза табады.

Олжас ҚҰСПЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

30 жылда жол апатынан қайтқандардың саны Ауған соғысында қаза тапқан КСРО әскер санынан 4 есе асып отыр. Өкініштісі, жол апатынан қаза тапқандардың саны жыл сайын өсуде.

Жыл сайын жүргізуші куәлігін алу үшін 424 мың адам емтихан тапсырады. Негізі жол-көлік оқиғаларының көбеюіне дәл осы куәлікті сатып алғандар себеп болды – дейді мамандар.