Русский Сайттың толық нұсқасы

Өндірістік жарақат алып, бір көзінен айырылған қызылордалық тиісті өтемақыны талап етуде

Өндірістік жарақат алып, бір көзінен айырылған қызылордалық тиісті өтемақыны талап етуде. Дәулет Шалтенов айтуынша, былтыр қарашада Ақтөбедегі темір жол мекемесінің бірінде химиялық қоспа жарылған. Күйік шалып, ауруханаға түскен. Компания алғашында көмек көрсетіп, одан кейін хабарсыз кетіпті.

Дәулет темір жол мекемесінде 2 жылдан аса жүргізуші болып жұмыс істеген. Ал оқиға болған күні басшылары оны басқа компанияға іс-сапарға жіберген екен. Айтуынша, онда көлік жүргізіп қана қоймай, жұмысшыларға жәрдемдескен. Сол кезде оқыс оқиғада күйік шалып, көз жанарынан айырылған.

Дәулет ШАЛТЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі рельстің ортасын балқытатын, шопты дәнекерлейтін альюминовый термит аты. 3000 градустағы оттеге жарты метр жерден жарылып кетеді оң жақ бетімнен.

Қазір Дәулет еңбекке жарамсыз. Оған 3-топтағы мүгедектік берілген. Жары дәріге қыруар қаржы жұмсап отырмыз дейді. Ал мекеме тарапынан алғашында 2 млн. теңге жәрдемақы берілген екен. Айтуларынша, одан кейін басшыларынан хат-хабар болмапты.

Айдын ДОСЕКЕЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мекемеден берілген 2 млн. теңге дым да болған жоқ. Оның операциясына, ешнәрсесіне жетпейді ол ақша. Бір мүшесі ғой ол деген. 100 пайыз күйіп қалып көрмей қалып отыр. Екінші көзіне шауып жатыр кәзір деген.

Сот сараптамасы Дәулеттің жарақатының ауыр екендігін растап қорытынды шығарған. Шетелдік дәрігерлер болса, оның көзін алмастыру үшін қомақты қаржы қажеттігін айтуда. Алайда 6 баламен пәтер жағалап жүрген отбасында мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан мәселені заңдық тұрғыдан шешу үшін сотқа жүгінбек.

Еркебұлан МЫРЗАҒАЗИЕВ, АДВОКАТ:

Балалары 18 жасқа толғанша тиісті көмегін тигізуі керек. Және бұл кісілердің үйлері де жоқ болып тұр ғой. Үй жағдайына арендалық болса да көмегін тигізсе деп ойлаймыз. Жүргізуші бола тұра басқа мекемедегі өндіріске араласып, көзінен айырылып қалғандықтан екі мекеменің де адамдары бірлесіп бізге көмек көрсету керек шығар.

Дәулеттің өндірістік жарақат алғанын жұмыс жасаған темір жол мекемесі де растап отыр. Олар өздері бөлген қаржының емге жеткіліксіз екенін де мойындайды.

Ахмет СӘТЕНОВ, КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАСЫ:

Еңбек кодексіне байланысты берілген барлық ақшалары бөлініп тұр ғой енді. Одан артық қалай енді біз. Біз негізі кәсіподақтың жанынан берілетін аз ғана көмек ешнәрсе өзгертеді деп айта алмаймын. Бірақ көмек беруге дайынбыз.

Дәулеттің сөзінше, дәрігерлер көзін алмастырған күнде де 100 процент көретініне кепіл жоқтығын айтқан. Дегенмен Дәулет үмітін үзбейді.