Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда жантүршігерлік жарылыстан жапа шеккен үш азаматтың жағдайы өте ауыр

  • AstanaTV
  • 23 қыркүйек 2016
  • 3343

Ал Жамбыл облысы мұнай базасындағы жойқын жарылыстан жапа шеккен үш жұмысшы Меркі аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, науқастардың денелері 90-100 пайызға күйіп кеткен. Данияр Әлімқұл телефон арқылы байланыста. Данияр.

Ия, Ләйлә, Меркідегі мұнай базасы жұмысшыларының жағдайы тым ауыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар осылай деп отыр. Оқыс оқиғадан зардап шеккендерді оңалту үшін облыс дәрігерлері Меркіге санавиация арқылы жеткізген. Қойма маңындағы қопарылыстың қатты болғаны соншалық, науқастардың денелері қатты күйіп қалған. Ең ауыры, тыныс алу жолдары зақымданған.

Толқын Өмірбаева, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз бөлімінің басшысы:

Күйіктің көлемі 90-100 пайыз! Үшеуінің де жағдайлары ауыр хәлде. Себебі денесінің барлық бөлігін термиялық күйік алған. 2-3-4 дәрежедегі күйік шалған. Әсіресе тыныс алу жолдарының күйігі 2-3 дәрежеде.  Бүгінгі күнге дейін науқастардың жағдайы ауыр хәлде қалып отыр. Аурухана барлық дәрі-дәрмектер мен тану құралдарымен жабдықтады.

Оқиғаны тұрғындар телефонға түсіріп алған. Ондағы бейнеден өрттің ауқымды болғанын байқау қиын емес.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, оқиға сағат 18.30-да жанармай құю кезінде болған. Меркі мұнай базасы отқа оранды. АИ-92 маркалы бензинді босату кезінде 60 тонналық алып цистерна мен сыйымдылығы 50 куб болатын 2 резервуар өртеніп кеткен. Мұнай базасы жеке серіктестікке тиесілі. Теміржол цистернасындағы тілсіз жауды тоқтату мүмкін болмапты. Оған жоғары температура мен жарылу қауіптілігі кедергі келтірген. 80 адамнан тұратын төтенше жағдай мамандары қызыл жалынды 1 жарым сағатта әрең өшіргендерін айтты. Өрт шамамен 200 шаршы метр аумақты шарпыған.

Азат Әбдіразақов, Жамбыл облыстық ТЖД басқарма басшысы:

Өрт сөндіруге ТЖ департаментінен 5 дана техника және 36 адам жеке құрам жұмылдырылды. ТЖД қызметкерлері өрт орнына жеткенше, сол нысанның өрт сөндіру қызметі жұмыс атқарды. - Өрт не себепті шыққан? - Оны айта алмаймыз!

Қазір оқиғадан зардап шеккен науқастар өкпенің жасанды желдету аппаратына таңылған. Олар мұнай базасының 46 жастағы бас инженері, 42 жастағы электригі мен 48 жастағы дәнекерлеушісі. Төтенше жағдай мамандары, алдын ала болжам бойынша, оқиғаға күннің күрт ысуы себеп болуы мүмкін, деп отыр. 

Данияр ӘЛІМҚҰЛ