Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл 386 астаналық қаңғыбас жануарлардан зардап шеккен

  • AstanaTV
  • 23 сәуір 2023
  • 2111

Жыл басынан бері Астана қаласында жануарлардан 386 адам зардап шекті. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына қарасты ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Байжігіт Мөлдеков хабарлады Астана телеарнасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап

Байжігіт Құрбанбекұлы алдымен жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметте өткен кеңесте қаңғыбас иттердің мәселесін көтергенін еске салды.

«Атқарушы және жергілікті билік тиісті заңға сілтеме жасайды. Бірақ осы жолмен жүрсек, біз жағдайды бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін. Әрине, жануарларға мұқият болуымыз керек. Алайда олардың адамдарға, әсіресе балаларға деген қысымына жол берілмейді. Сондай-ақ бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккендердің саны артып келеді», - деген болатын Мемлекет басшысы.

Жауапты маманның сөзінше, осындағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» тиісті заң Президенттің тапсырмасымен әзірленген. Ал осы құжат аясында жүргізілетін шаралар адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жалпы алғанда, бұдан кейінгі шаруаларымыз да заң шеңберінде жалғасын таба береді. Десе де қазіргі таңда мынау жұмыстарға басымдық беріп жатырмыз: бірінші, қаңғыбас жануарлардың санын реттеу үшін үй жануарларын есепке алуды бастамақпыз, яғни оларды чиптеу көзделіп отыр. Осыған байланысты, 15 мың чип сатып алынды. Екінші, Астана қаласында үй жануарларын тиімді есепке алу үшін «Таңба» ақпараттық жүйесі ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аталған ақпараттық жүйеде елорда аумағындағы 6 750 жануар тіркелді. Оның 5 141-і ит болса, 1 609-ы мысық», - деп атап өтті Байжігіт Мөлдеков.

Ол жануарларға жауапкершілікпен қарауды насихаттау мақсатында да нақты жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мәселен, аудандық әкімдіктердің, жергілікті полиция қызметінің қолдауымен бұқаралық ақпарат құралдарында заңды, қағидалардың нормаларын, сонымен қатар үй жануарларын вакцинациялау, стерилизациялау, тіркеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Биылдыққа 730 үй жануарына стерилизациялау жүргізілді, жыл соңына дейін 3 475 ит пен мысықты ұрықсыздандыруды жоспарлап отырмыз. Мұның ішінде көпшілігі мысықтар. Былтыр 2 060 жануар – 1 850 ит пен 1 500 мысық стерилизацияланған болатын», - деді бөлім жетекшісі.

Ол елордадағы қаңғыбас жануарлар ауланғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына жеткізілетінін мәлімдеді. Онда он шақты күн карантинге қойылады, вакцинация салынып, стерилизация жасалып болған соң, иелері табылған жағдайда иесіне қайтарылады. Табылмаса, үшінші тұлғаға берілген күнге дейін екі ай мерзімге уақытша ұстау орнында болады.

«Қазіргі таңда Ақсүмбе-1 тұйық көшесі мекенжайындағы қараусыз жануарларды уақытша ұстау изоляторында 2 500-ден астам ит, 300-ден астам мысық бар. Барлық жануарлар ветеринарлық маманның бақылауында болады. Табиғи себептерден немесе жол көлік оқиғасы салдарынан өлген жануарлардың өлекселері арнайы жабдықталған инсинератор пешінде жойылады», - деді Байжігіт Құрбанбекұлы.

Ол Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ақпаратын да алға тартты. Оған сәйкес, жыл басынан бері жануарлардың тістеуінен, тырнауынан қалада 386 тұрғын зардап шегіп, медициналық ұйымдардың көмегіне жүгінген. Олардың барлығына құтыру ауруына қарсы ем шаралары тағайындалған. Ал адамды тістеген жануарлар ветеринарлық ұйымдарда бақылаудан өткен, оларда құтыру ауруының белгілері анықталмады.

«Тағы да айта кетерлігі, елорда аумағында қараусыз жануарларды уақытша ұстайтын 1 мемлекеттік изолятор және иттер мен мысықтарға арналған панажай бар. Оған қоса, қала аумағында 9 жеке панажай қызмет етеді. Әрқайсысының аумағында орта есеппен 20-100 шақты қараусыз жануар ұсталуда», - деп қосты ветеринария және өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы.

Бұған дейін елімізде бұралқы иттердің мәселесі қалай шешілетінін жазған болатынбыз. Сол жазбада биыл Астана қаласы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға бюджеттен 143 млн теңге және оларды уақытша ұстауға 74 млн теңге көлемінде қаражат бөлінгені айтылған.