Русский Сайттың толық нұсқасы

Үкімет үмітті ақтай ма?

Президент өткен аптада біраз мәселенінің басын қайырды. Біз де айтылған әр сөзді жұлып алып, сіздерге жеткіздік. Халық тарқалмаған тақырыптардың түйіні енді шешіледі деп қуанды. Расымен үміт ақтала ма? Әлде «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күйін тағы кешеміз бе? Бүгін Үкіметтегілер Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жұмыстарын талқылады. Не айтылғанын Аружан Задабек жіпке тізеді.

Азық-түлік бағасы ырыққа бағынар емес. Мұны Президент те сынап айтты. Осыдан кейін сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру жұмысын жетілдіруге кіріскен. Вице-министр Арман Шаққалиев бағаның өсуіне делдалдардың әсері бар екенін айтады. Олар тауардың үстіне қанша қаласа сонша ақы қосып сатады. Биыл дәл осындай күдікпен 132 адам ұсталып, шара қолданылған.

Арман ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл жұмыстың негізгі бағыты - өнімсіз делдалдарды анықтау және болдырмау. Мәселен, бүгінгі таңда 1 389 тізбек талданып, оның 332-сінде сауда қызметін бұзу қаупі анықталды. Нақты фактілер анықталса, мемлекеттік бақылау шаралары қабылданады.

Экономист Ғалымжан Есқараұлының да пікірі осындай. Азық-түліктің қымбаттауына алып-сатарлар кінәлі – дейді.

Ғалымжан ЕРҚАРАҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:

Делдалдар келеді да үстінен ойына келген бағасын қояды. Одан амал жоқ біздің кәсіпкерлер сатып алады. Сосын оларға айтады, бізде баға қымбаттады, жол қиын болды деп, әртүрлі себептерді айтады да пәлен бағадан береді. Ал оны ешкім есептеп жатқан жоқ.

Жиында бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес тағы біраз мәселе талқыланды. Коммуналдық желілердің 51 проценті ескі. 2029 жылға дейін желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған. Ал 2025 жылдың соңына дейін 1 395 ауылдың мәселесі шешілмек. Ағайын ауыз суға да қарық болады. Ескі үйлер сүріледі, салық, бюджет және тарифтік саясат жаңарады. Қысқасы, Премьер-министр халыққа ыңғайлы жағдай жасалуы керек деді.

Әлихан СМАЙЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Тұрғындардың шағымдарын әлеуметтік шиеленіске дейін жеткізбей, байыпты түрде шешу керек. Бұл, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және еңбек қатынастарына қатысты. Бұған Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталықтары ықпал ететін болады. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары халықтың проблемаларын шешу үшін осы ресурсты тиімді пайдалану керек.

Президент тапсырмасын талқылаған ведомство басшылары нақты нәтиже көрсету үшін жұмысқа білек сыбана кірісетіндерін айтты. Өйткені халық олардан пәрменді шаралар күтіп отыр.