Қостанайда жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындар тығырыққа тірелді. Олар ескі көлігін жаңарта алмай, ал жаңасын тіркей алмай отыр. Сондықтан шілде айында өтетін тендерлік байқаудан тыс қалуы мүмкін. Мәселе неден туындады, қоғамдық көлік түйткілін шешу жолдары бар ма? Заңғар Санай сабақтайды.
Автопаркті жаңғырту мақсатында жергілікті билік арнайы бағдарлама қабылдады. Сөйтіп былтыр «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 50 жаңа автобусты маршрутқа қосқан. Алайда әлгі қоғамдық көліктер әлі күнге дейін ешкімнің балансына берілмеген.
Ирина ЛАВРИЧЕНКО, ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Егер бірінші шілдеге дейін біздің келісім-шарт ұзартылмаса, яғни жаңа автобустар бізге тиесілі деп танылмаса, техниканы алып қояды. Және бұған дейін төлеген қыруар қаражатымыз қайтарылмайды. Біз осы автобустар үшін қазірдің өзінде 200 миллион теңге төледік.
Қостанайдағы 8 кәсіпорында 261 қоғамдық көлік бар. Оның 72 пайызы ескірген.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Қостанайдағы қоғамдық көліктердің дені тоқсаныншы жылдары Еуропа зауыттарынан шыққан. Ескі көліктер жиі сынады. Автопарктегі шеберлер күн сайын бірнеше автобусты жөндеп,бөлшегін ауыстырады. Қосалқы бөлшек құны да қымбат.
Қостанай билігі кәспорындарға автопаркті жаңғырту керек деп шарт қойған көрінеді. Жаңа автобус алғандар бар. Бірақ шартты толық орындамағандықтан қызмет көрсету жөніндегі келісім-шарт ұзартылмаса керек.
Нұрдәулет БЕЙСЕНОВ, ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Бұл мәселені қалалық әкімдік қарастырып жатыр.Шешімі болады. Қостанайда қоғамдық көліктің тоқтап қалуы мүмкін емес.
Қала билігі биыл тағы 54 отандық жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Техника лизингке берілмек. Жоба жүзеге асса Қостанайдағы қоғамдық көліктердің елу пайызы жаңарады дейді.